Мақтаарал ауданында мақта кластерін дамытуға басымдық берілуде

Oinet.kz 28-09-2024 14

Бүгінгі күні Мақтаарал ауданына жүктеліп отырған жұмыс ауқымы кең. Бастысы өңірде мақта-тоқыма кластерін дамытуға басымдық берілген. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамыту арқылы агроқұрылымдарда өндіріс өнеркәсібін арттыруды, кәсіпкерлерді несиелендірудің тиімді жүйесін құруды, бұл саладағы заңсыздықтарға тосқауыл қоюды тапсырғаны белгілі. 

Screenshot_46.jpg

Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың айтуынша, өңірде 2024-2030 жылға дейін жалпы құны 70 миллиард теңгені құрайтын 8 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Осы арқылы 3020 адам жұмыспен қамтылып, бюджетке қосымша 1 миллиард 862 миллион теңге салықтық түсімдер түседі деп болжануда. Бұл Мақтаарал ауданының 2030 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясында да көзделген. 

- Мемлекет басшысы Жолдауында инвесторларды тартып, өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлікті қолдай отырып өңдеу өнеркәсібін дамытуды тапсырды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының да бізге қойып отырғаны осы талап. Аймақ басшысы Мақтаарал ауданының даму жоспарымен таныса келіп, өңірдің даму  қарқынын арттыру керектігін айтты. Сондай-ақ аймақ басшысы «Біз Мақтаарал ауданын дамытуда негізгі басымдықтарды айқындап, жоспарлап алмасақ, экономикалық даму болмайды. Нақты ұсыныстар аз. Даму жоспарын нақтылап, күшейте түскен жөн. Мақта кластері, ауыл шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын енгізу маңызды. Ауыл шаруашылығы дақылдарын терең өңдеуге басымдық берілсін. Логистикалық әлеуетті көтеру де назарға алынсын. Жұмысты жандандырыңыздар» дей келіп, алдымызға нақты міндеттер мен бағыттарды айқындап, жұмыс барысын көрсетіп берді, - дейді Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов. 

Жалпы аудандағы негізгі кәсіп көзі мақта өсіру. Оның өнімін игеру, өңдеу мақсатында ауданда «Cotton МАКТА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан 2025-2026 жылдар аралығында жылдық қуаттылығы 10 мың тоннаны құрайтын жіп иіру фабрикасын салу жоспарлануда. Ол жоба жүзеге асырылған сәтте жаңадан 800 жұмыс орны құру көзделген. 

Бұдан бөлек, ауданда «Global Textile» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан Бірлік ауылдық округі аумағынан 10 гектар жер телімі қаралып, 13,8 мың тонна қатты және боялған жайма өңдеу фабрикасын салу жобасы әзірленуде. «Бүгінгі таңға 10 мың тонна мақта шикізатын қабылдайтын бекетінің құрлысы жүргізілуде. Жоба құны – 21 миллиард теңгені құрайды, 1000 адамға жаңа жұмыс орны ашылады деген болжам бар. Сондай-ақ «Тulpar textile» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2025-2028 жылдары 5 мың тонна жіп иіретін фабрика салуды көздеп отыр. Ал «Тамила» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2026 жылы мақта қабылдау зауытын салуға ниетті. Сонымен бірге «ХлопкоПромЮг», «ZHANNASYL TEXTILE» және «ZHYBEK TEXTILE» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері де мақта кластері бойынша жобаларды жүзеге асыратын болады», - дейді Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов.

Түркістан облысында мақта өндірісі жолға қойылып келеді
Түркістан облысының туризм саласында даму бар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу