Түркістан облысында мақта өндірісі жолға қойылып келеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет» екенін айта отырып, елдегі өндіріс ошақтарының жұмысын жандандыруды тапсырды.
Бұл бағытта Тұркістан облысында қолға алынған жобалар аз емес. Мәселен, Түркістан облысы – елімізде мақта өсіретін жалғыз өңір. Облыста мақта-тоқыма кластерін құру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде шитті мақтаны сатудан бөлек, мақта талшығын терең қайта өңдеуге басымдық берілуде. Елімізде бәсекеге қабілетті тоқыма және тігін өнеркәсібі дамымағандықтан, шитті мақтаны сату бағасы экспорт нарығына тәуелді болып отыр.
Түркістан облысы әкімінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, аймақта облыс әкімінің тапсырмасымен өткен жылы «Мақта шаруашылығын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы» бекітілген. Оған сәйкес 4 бағытта, егістікті әртараптандыру, тұқыммен қамтамасыз ету, жаңа технологияларды енгізу, мақта кластерін құру бойынша ауқымды жұмыс жүргізу көзделген. Нәтижесінде 2027 жылға дейін 9 мақта кластерін құру жоспарланған. Осы шаралардың аясында мақта бағасына тәуелділік жойылмақ.
- Президентіміз Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, инвесторлар тарту арқылы өндіріс өнеркәсібін дамыту керектігін билікке тапсырды. Бүгінгі күні Түркістан облысында осы бағытта қолға алынған жобалар аз емес. Соның бірі мақта өндірісіне қатысты. Мәселен, жуырда «TURAN» арнайы экономикалық аймағында «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешенінің» қазығы қағылды. Қытайлық инвесторладың көмегімен жүзеге асырылатын жобаның тиімділігі көп. Осы ретте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сюй Цзе мақтаны терең өңдеп, дайын өнімді экспортқа шығаратын көпсалалы кешеннің капсуласын салды. Аймақ басшысы бұл жобаның әлеуметтік маңыздылығына тоқтала келе, мақта шаруашылығын жаңа деңгейге шығаратын жаңа бастама боларына сенімді.
Жалпы алдағы жылы жүзеге асатын жобаның құны 146,8 миллиард теңгені құрайды. Толық циклді тоқыма фабрикасының құрамында жіп иіретін, мата шығаратын, бояп, өңдейтін 11 цех салынады. 2000-нан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Жоспар бойынша жылына 13000 тонна иірілген жіп, үйге арналған 50 миллион метр тоқыма бұйымдарын, 7 миллион төсек-орын жиынтығын шығарады. Өндіріс орнының қуаттылығы жыл сайын артып отырады, - дейді, басқарма басшысы.
Сонымен мақта-тоқыма кластерін дамытуға бағытталған өндіріс орнының құрылысын «Xinjiang Lihua Group Co., LTD» компаниясы қолға алды. Компания әлемге танымал «Louis Vuitton», «Gucci» брендтерімен тікелей жұмыс істейді. Алдағы уақытта Түркістанда шығаратын жіптер мен маталарды әйгілі брендтерге сатуды көздеп отыр.
- Облысымызда жылда 100 мың гектарға мақта дақылы орналастырылып, 300 мың тоннадан астам өнім жиналады. Өңірде егістікті әртараптандыруда өнімділікті жаңа технологиялар есебінен ұлғайтуға басымдылық берілуде. Осы мақсатта Қытай тәжірибесі негізінде биыл Арыс қаласы және Жетісай, Сауран, Ордабасы аудандарында 2,5 гектар алқапқа элиталы сортты мақта тұқымы жерге сіңірілді. Бұл технология суды, энергияны, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарынан 60-65 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары. Шаруалардың айтуынша, нәтижесі таңғаларлықтай.
Дегенмен, мақта-тоқыма кластерін дамыту мақсатында былтыр Мақтаарал ауданында «Cotton Мақта» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мақта өңдеу зауыты жобасы жүзеге асырды. Замануи қытайлық технологиямен жабдықталған мақта өңдеу зауыты өткен жылы 40 мың тонна шитті мақтаны қабылдады. Бұдан бөлек, облыста Қытай және Өзбекстан инвесторларының қатысуымен 223,5 миллиард теңгені құрайтын 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, - дейді Нұрбек Бадырақов.
Түркістан қаласының инвестициялық әлеуетін жоғарылату мақсатында 2018 жылғы құрылған «TURAN» арнайы экономикалық аймағы 3987,39 гектар аумақты алып жатыр. Ол 6 қосалқы аймақтан тұрады. Бүгінгі таңда «TURAN» АЭА инвестициялық портфелі жалпы құны 530,085 миллиард теңгені құрайтын 129 жобадан тұрады. Оның ішінде 214,55 миллиард теңгені құрайтын 28 жоба іске асырылған. Бүгінде 353,87 миллиард теңгеге 95 жоба іске асырылуда. Одан бөлек, «TURAN» АЭА өнеркәсіптік субзоналарының аумағында 41,083 миллиард теңгеге қатысушылар ретінде 13 өнеркәсіптік жоба тіркелген. Ол жобаларды осы аймақта өзіндік бағыты бар жауапкершілігі шектеулі серіктестер жүзеге асыру үстінде. Бұл аймақта 6 мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Барлық жобалар іске қосылғанда 7 221 жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.