Төлеби ауданында даму жоспары бекітіліп, негізгі мақсаттары айқындалды

Oinet.kz 27-09-2024 11

Президентіміз халыққа арнаған Жолдауында тапсырған тапсырмасының бірі – ауылдық аймақтарда өнеркәсіпті дамыту, инвестиция тарту. Бұл жұмыстар Төлеби ауданында жоспарлы жүзеге асырылуда.

Screenshot_44.jpg

Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дүйсебаевтың айтуынша, бүгінге Төлеби ауданының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын бекітіліп, негізгі бағыттары айқындалған. 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Төлеби ауданында тиісті жұмыстар қолға алынған. Атап айтар болсақ, өңірлік өнімнің көлемі былтыр 145 миллиард теңге болса, биыл 149,8 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған. Тиісті жұмыстар арқылы 2030 жылға қарай жалпы өңірлік өнім 369 миллиард теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр. Яғни, өнеркәсіп өнім көлемін 49 миллиард теңгеден 115 миллиард теңгеге дейін, құрылыстың көлемін 10 миллиард теңгеден 15 миллиард теңгеге, сауда көлемін 28 миллирд теңгеден 84 миллиард теңгеге, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 62 миллиард теңгеден 154 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Ал 2030 жылға дейін өнеркәсіп 2,3 есеге, ауыл шаруашылығы 2,5 есеге, құрылыс 1,5 есеге, сауда 2,9 есеге, туризм саласындағы көрсеткіштер 3,7 есеге артады деп болжануда, - дейді Сержан Дүйсебаев.

Дегенмен ауданда халықты жұмыспен қамту жоспары да түзілген. Атап айтсақ, ауданның 2030 жылға дейінгі даму жоспарында, 2025-2030 жылдар аралығында жалпы құны 144 миллиард теңгені құрайтын 73 жобаны іске асырып, 1193 адамды жұмыспен қамту межесі қойылған. Инвестициялық жобалар негізінен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, сауда салаларында жүзеге асырылады. 

Ал өнеркәсіп саласында құны 38,2 миллиард теңгені құрайтын 12 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 392 адам жұмыспен қамтылмақ. Ауыл шаруашылығы саласында құны 22,3 миллиард теңге болатын 20 жобаны іске асырып, 268 адамды жұмыспен қамту межеленген. 2030 жылға қарай ауыл шаруашылығының өнім көлемі 154 миллиард теңгеге немесе 2,5 есеге артады. Сүт фермалары, мал бордақылау алаңдары ашылып, балық шаруашылығы, жылыжай, бау-бақша, тамшылатып, жаңбырлатып суару, өнім сақтау қоймасы, ет өңдейтін цехтар, құс шаруашылығы және жеміс-жидек өсіру цехы жобаларын жүзеге асыру көзделген. 

2024-2030 жылдары туризмді дамыту мақсатында жалпы құны 78,1 миллиард теңге болатын 23 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Жаңа туристік және демалыс орындары ашылады. Жобалар іске асқан жағдайда туристік аймақтың әлеуеті артып, туристер саны 3,7 есеге артады деп болжануда.

«Ең бастысы ауданның даму жоспарын жүзеге асыру мақсатында сан тараптан инвестициялар тартылып, ауыл шаруашылығы саласында бірегей кәсіпорындар бой көтереді. Ол алдымен жүздеген жаңа жұмыс орындарының ашылуына алып келеді. Осы ретте Президентіміз тапсырғандай Төлеби ауданының жерінің бар байлығы ел игілігі еселенуіне – кәдеге жаратыла бастауы қуантады. Ауданға инвесторлар тартылып, жаңа нысандардың ашылуы аудан бюджетінің ұлғаюына алып келеді. Сонымен қатар, ашылған нысандарда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып, жұмыссыз мәселесін шешуге де өз септігін тигізері анық», - дейді аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Дүйсебаев.

Арыс қаласында диқан қауымы ерекше құрметке бөленді
Түркістан облысында мақта өндірісі жолға қойылып келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу