Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласында өндірген өнімі түсімі биыл жоғары
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын көтеруге, агроөнеркәсіп кешендеріне несие беру арқылы қолдау көрсетуді билікке тапсырды.
Бүгінгі күні Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласына қатысты барлық саланы дамытуға тиісінше көңіл бөлініп келеді. Түркістан облысы әкімінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, биыл аймақта 9 айда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 747,3 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 107,6 пайызға жеткен. Оның 482,9 миллиард теңгесі өсімдік шаруашылығына, 257,2 миллиард теңгесі мал шаруашылығына тиесілі. Оған қоса, облыстың барлық шаруашылық санаттарында 153,2 мың тонна – ет (тірідей салмақта), 354,7 мың тонна – сүт, 190,2 миллион дана – жұмыртқа өндірілген.
- Президент Жолдауында айтылғандай облыста ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге, мал басын асылдандыру бағытында тиісті жұмыстар қолға алынған. Түркістан облысында тиісті 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, Түркістан облысындағы шаруашылықтардың барлық санатындағы мүйізді ірі қара мал саны – 1 миллион 078 мың басты, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда – 124,4 пайызды, қой саны – 4 708 мың басты немесе – 102,2 пайызды, жылқы – 464,9 мың басты немесе 104,8 пайызды, түйе – 43,4 мың басты немесе 109,6 пайызды құрады. Сонымен қатар Түркістан облысы – жеміс-жидек, көкөніс өсіруде көш бастап тұрған өңірлердің бірі. Үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 747,3 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 76,7 миллиард теңгеге артты. Өңірлер арасында облыс республика бойынша 1-орынға шықты, - дейді басқарма басшысы.
Мал басының артуы, егін шаруашылығына мемлекет тарапынан бөлінген мімкіндіктің арқасында аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортында да жақсы көрсеткіштер бар. Мәселен, 230,1 миллион долларды құрайтын 680 мың тонна өнім экспортталған. Сондай-ақ биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 870 мың гектар алқапқа орналастырылған. Оның 493 мың гектары жаздық дақылдар, 202 мың гектарын күздік егіс, 175 мың гектарын жоңышқа құрайды. Егіс құрылымын қалыптастыруда рентабельділігі жоғары дақылдарға басымдық берілуде. Атап айтқанда, масақты дақылдар – 9,1 мың гектарға (283 мың га), мал азықтық дақылдар – 6,1 мың гектарға (230 мың га), көкөніс, картоп, бақша дақылдары – 4,4 мың гектарға (131 мың га) артығымен орналастырылды.
- Биыл егіс және көкөніс алқаптарынан жақсы өнім жиналды. Мәселен, дәнді дақылдар 123 мың тонна жылдағыдар артық жиналып, алынған өнім 929 мың тоннаны, көкөніс-бақша дақылдары 130 мың тоннаға артып, 3,5 миллион тонна өнім, жеміс, жүзім 14,2 мың тоннаға артып, 192 мың тонна өнім жиналды. Мал азығы толық орындалып, 5,5 миллион тонна жем-шөп дайындалды. Бүгінгі күні мақтаны жинау жұмыстары жүргізілуде, 28 центнерден 300 мың тонна өнім алу жоспарда бар. Осы жылы тәжірибе негізінде жаңа әдіспен мақта 1,9 мың гектар алқапқа орналастырылды. Технологияның тиімділігі суды, энергияны, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарына 60 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары. 2030 жылға қарай мақта дақылы жаңа технологиямен 63 мың гектарға орналастырылып, облыстың орташа өнімділігі 45 центнерден 765 мың тонна өнім алынатын болады, - дейді Нұрбек Бадырақов.
Бұдан бөлек, өңірде қарқынды баудың көлемі 5,7 мың гектарды алып жатыр. Оның өнімділік дәстүрлі бауларға қарағанда 5 есеге жоғары, орташа түсімі гектарына 300-350 центнерге дейін өнім жинауға мүмкіндік беріп отыр. Ал өңірде орналасқан жылыжайлардың жалпы көлемі 1 640 гектарды құрайды. Бұл – республикалық көрсеткіштің 71 пайызы. Тоғыз айда 150 мың тонна көкөніс жиналды. Бұл маусымаралық кезеңде жергілікті өніммен республика халқы қажеттілігінің 42 пайызын қамтамасыз етеді.
«Өңірде өнеркәсіптік жылыжайларды дамыту жұмыстары қолға алынған. Мәселен, 264,8 миллиард теңгеге 602 гектар алқапты қамтитын 3 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жаңадан 6 150 жұмыс орны құрылады. Соның нәтижесінде жылыжайлардан қосымша 180 мың тонна өнім өндіріліп, республика халқы маусымаралық кезеңде жылыжай өнімдерімен қамтамасыз етілетін болады. Ал инвесторлар соңғы үш жылда субтропикалық банан, лимонды жылыжайларда өсіру технологиясын үйреніп, кеңінен қолдануға көшті. Биыл жылыжай шаруашылықтарынан 1,3 мың тонна банан, 3,2 мың тонна лимон өндірілді. Жылыжай шаруашылықтарын қолдау мәселесі Үкіметте қаралып, нәтижесінде жылыту шығындарын субсидиялау ережесі бекітілді. Осы мақсатқа 2023 жылы 500 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ жылыжайларды бір орталықтан көмірмен қамтамасыз ету үшін арнайы кооператив құрылып, өндірушілерден тікелей тасымалдау мәселесі келісілді.
Сонымен қатар нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 380 жұмыс орнымен 45 жобаны іске асыру жоспарланған болса, оның 13 жобасы іске қосылып, 136 жұмыс орны құрылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау қуаттылықтарын арттыру мақсатында Сауран ауданында 1 гектар аумақта көкөніс сақтау қоймасы және 30 гектар аумақта шағын өнеркәсіптік парк жобасы жүзеге асырылуда», - дейді басқарма басшысы.
Өсімдік шаруашылығын қолдауға облыстық бюджеттен 12,7 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Оның ішінде биылдан бастап «Тыңайтқыштардың құнын субсидиялау» бағдарламасы бойынша аванстық төлем жүйесі енгізіліп, отандық тыңайтқыштар 60 пайызы субсидияланды. Соның нәтижесінде егіс алқаптарына 141,4 мың тонна тыңайтқыш салынды.
Сонымен қатар «Тұқым шаруашылығын қолдау» бағдарламасы бойынша субсидиялау нормативтері 1,5-2 есеге дейін ұлғайды. Оған қоса, көктемгі дала және күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге 63 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінді.
Сондай-ақ көктемгі және күзгі дала жұмыстарына «Кең дала» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы кооперативтері несиемен қаржыландырылды. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуға басымдық беріліп жатыр. Инвестициялық субсидия және кредит/лизинг сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бағдарламалары есебінен техникалар паркін жыл сайын 6-7 пайызға жаңалауға жол ашылды.
Сонымен биыл аймақта «ҚазАгроҚаржы» АҚ жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен қолжетімді лизингтік бағдарламаcын іске қосты. 9 айда жаңадан 1 603 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, жаңалау үлесі 6,3 пайызды құраған.