Шардара су қоймасы балықтандырылуда

Oinet.kz 17-09-2024 15

Ауыл шаруашылық саласы сан саланы қамтиды. Соның ішінде кенже қалып келе жатқаны балық шаруашылығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында ауыл шаруашылығы саласына салынған қаржы ел игілігіне жарауы тиіс екенін қадап айтты. 

Screenshot_83.jpg

Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге қызығушылық танытып отырған кәсіпкерлер көп. Шағын және орта бизнес өкілдері су айдындарын жалға алып, балық өсіруге ынта танытып отырғаны қуантады. 

Бүгінгі күні Түркістан облысында жергілікті маңызы бар 104 су айдыны бар. Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуәлиевтің айтуынша, ол су айдындарының барлығы да заңдастырылған. Конкурстық негізде 82 су айдыны, оның ішінде, 69 су айдыны көлде тауарлы балық шаруашылығын жүргізу үшін, 13 су айдыны кәсіпшілік балық шаруашылығын жүргізу үшін табиғат пайдаланушыларға берілген. 22 су айдыны резервте. Қазір өңірде 158 тоғанды балық өсіру шаруашылығы, 5 шарбақты балық өсіру шаруашылығы, 3 тұйық қондырғымен жабдықталған балық өсіру шаруашылығы жұмыс істеуде.  

- Президентіміз Жолдауында агроөнеркәсіп кешендеріне инвестиция тарту – өте маңызды міндет екенін айтты. Бүгінгі күні балық осіруге қызыққан отандық инвесторлар су айдындарын жалға алып, тіпті кейбірі жасанды су тоғанын жасап, балық өсіруге көшті. Дегенмен, өңірдегі су айдындарын балықтандыру мәселесі бұған дейін де кәсіпкерлер тарапынан да талай көтеріліп келгенімен, ол түрлі себептермен кейінге ысырылып келген еді. Бұл мәселеге бірнеше жылдан бері облыс әкімі Дархан Сатыбалды баса мән беріп, кәсіпкерлердің басын бір емес, екі-үш қайтара қосып, семинар-кеңесте өткізгені белгілі. Өйткені балық шаруашылығын дамыту арқылы да өңір экономикасын дамытуға бізде мүмкіндік баршылық. Жалпы өткен ғасырдың сексенінші жылдарында облыстағы өзен-көлдерден, су тоғандарынан жылына 10 мың тоннадан астам балық ауланыпты. Ол тұста облыс тұрғындары соның бір бөлігін тұтынса, қалғаны еліміздің өзге қалалары мен Ресей нарығына шығарылып келген. Ал қазіргі таңда өңіріміздегі су айдындарынан ауланатын балық өкінішке орай біздің облыс үшін әлі де аз, - дейді ол. 

Балық шаруашылығы өте әлеуеті зор сала. Үкімет «Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын» қабылдады. Бағдарлама аясында республика бойынша 270 мың тонна балық өсіру жоспары бекітілген болатын. Соның нәтижесінде, Түркістан облысы бойынша 2030 жылға дейін 10 жыл ішінде тауарлық балық өсіру көлемін 20  мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. 

- Су айдындарын балықпен молайту – басты мәселе. Бүгінгі таңда балық ресурстарының өсімін молайту мақсатында «Шардара» су қоймасына «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 12 грамнан кем емес 635 мың дана шабақ жіберді. Атап айтсақ, оның ішінде 300 мың дана тұқы тектес балық болса, 200 дана ақ амур, 135 мың дана дөңмаңдай шабақтары бар. Өңірде балық шаруашылығын дамыту бағдарлама аясында балық өсіру ісі жанданып келеді. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс аясында жүретін бұл жұмыстар биыл да жалғасып, жасанды жолмен өсірілген балық дернәсілдері су айдынға жіберілді. Жалпы Шардара ауданда балық шаруашылығын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде, - дейді Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуәлиев.

Сарыағаш ауданында «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға өтініш берген округтер көп
Түркістан облысында алдағы жылы туристер санын 2,5 есеге арттыру көзделуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу