Шардара ауданында каналдар тазаланып, егіс алқаптарына су жеткізілуде
Президенттің Жолдауда тапсырған тапсырмасының бірі – қолда бар су қорын жинақтап тиімді пайдалану. Ирригация жүйелерін жаңғырту. Бұл бағыттағы жұмыстар Шардара ауданында талапқа сай атқарылуда.
Түркістан облысы әкімінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, қазіргі таңда Шардара ауданында 6 ауыл округте су арналары механикалық тазалаудан өткізілуде. Жалпы 1306 шақырым су арнасын тазалау көзделген, бүгінгі күні орындалғаны –1137 шақырым.
Шардара ауданында болған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Президент Жолдауында тапсырған су ресурстарын тиімді пайдалану тұрғысында аудан шаруаларымен кездесу өткізді. Онда шардаралық шаруалар ағын су мәселесін көтерді. Ал ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов аудандағы жағдайды баяндап, іске асырылып жатқан жобалардың есебін ұсынды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамытуда су ресурстарының маңызды екеніне тоқталған болатын. «Қазіргі заманда біз кез келген қатерге дайын болуымыз қажет. Сондықтан қарғын суды жинап, диқандардың қажетіне жарату үшін оны дұрыс сақтай білген жөн. Гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту қажет. Суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керек. Бұл – ең алдымен, ауыл шаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе, ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану қажет», деді Президент Жолдауында. Осыған орай ауданымызда су арналарын тазарту, ирригация жүйелерін жаңғырту, егіс алқаптарына ағын су жеткізу жұмыстары жоспарлы жүргізіліп келеді. Атап айтсақ, Шардара ауданында 4 канал күрделі жөндеуден өтуде. Қазіргі таңда 53,5 шақырымның 31,2 шақырымында жұмыс аяқталды. Нәтижесінде, 3616 гектарға су жеткізу жақсарып, қосымша 600 гектар жер айналымға қосылады деп күтілуде, - дейді басқарма басшысы.
Шардара ауданындағы су арналарын тазарту жұмысымен «Тұран-Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны айналысуда. Кәсіпорын басшысы Досхан Лесовтың айтуынша, жоба бойынша бекітілген қашыртқы 959 шақырымды құрайтынын, шаруалардың өтінішімен жобадан тыс 347 шақырымы қосымша тазаланған.
Осы атқарылған жұмыстың нәтижесінде ауданда 26 мың гектардан астам алқаптың мелиоративтік жағдайы мен ағын сумен қамтылуы жақсарады деп күтілуде. Сондай-ақ Қ.Тұрысбеков, Қоссейіт, Көксу, Ұзын-ата, Ақшенгелді, Достық ауыл округтеріндегі жұмыстардың барысын бақылаған облыс әкімінің орынбасары суармалы жер көлемін арттыруға бағытталған жобалармен де танысты.
– Ағын су тұтынуда шаруалардың талап-тілегі заң аясында сараланып, жүйеленуі тиіс. Әсіресе, су ақысының төлеміне қатысты ешқандай сұрақ туындамауы қажет. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, шаруашылықтардың өзекті мәселелері мен ықтимал тәуекелдеріне тұрақты түрде мониторинг жүргіземіз. Шаруалармен өткен басқосуда айтылған мәселелерді назарға алып, талдау жүргізуді тапсырамын. Түйткілді мәселенің түйінін тарқатуда біз ең алдымен оның заңдылығын қамтамасыз етуге міндеттіміз, – деді Нұрбол Тұрашбеков.
Жолдауда Президентіміз ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жұмысына серпін беру керектігін, жергілікті билік шағын орта кәсіпкерлік саласын дамытуға, инвестиция тартуға қолдау көрсету керектігін айтты. Бүгінгі таңда Шардара ауданында ирригация жүйелерін жаңғыртумен қатар ауыл шаруашылығы дақылдарын терең өңдеу мақсатында зауыттар салынуда. Соның бірі «Шардара» индустриалды аймағында қолға алынған жүгері дақылын терең өңдеу зауыты. Қазіргі таңда зауыт құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Шардара ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков «Шардара» индустриалды аймағында болып, жүгері дақылын терең өңдеу зауытының құрылыс барысымен танысты. 35 гектарға орналасатын өндірістің І кезеңінде «Казкрахмал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дәнді кептіру және сақтау кешенінің қабырғасын қалап, іске қосқан. Қазіргі таңда ІІ кезеңнің жоспарына сәйкес, зауыт ғимаратының құрылысы жүргізілуде. 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын өндіріс кешені 2025 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.