Түркістандық шаруалар балық шаруашылығын дамытуға қызығушылық танытуда

Oinet.kz 16-09-2024 15

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын көтеруге, агроөнеркәсіп кешендеріне несие беру арқылы қолдау көрсетуді билікке тапсырды. 

Screenshot_80.jpg

Бүгінгі күні Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласына қатысты барлық саланы дамытуға тиісінше көңіл бөлініп келеді. Соның ішінде балық шаруашылығын дамыту жоспары да бар.  

Белгілісі бұған дейін кенжелеп қалған балық шаруашылығына соңғы жылдары  өз деңгейінде көңіл бөліне бастады. Осының арқасында «Балық  шаруашылығын дамыту  мәселелері туралы»  Қазақстан Республикасы  Үкіметінің   2021 жылғы  5 сәуірдегі № 208  қаулысымен елімізде 2030 жылға дейінгі мерзімде балық шаруашылығын дамытудың арнайы бағдарламасы бекітілді. Бұл бағдарламаның мақсаты – халықты балық өнімдерімен қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұған дейінгі Жолдауында балық шаруашылығына да ерекше мән беруді, балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеп, бекітуді Үкіметке жүктегені белгілі. Бұл жерде халықты жергілікті жерде өндірілген азық-түлік өнімдерімен жеткілікті көлемде қамтамасыз ету мақсаты діттеліп отыр.

Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Абай Сәдірхожаның айтуынша, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, өңірде балық шаруашылығын дамыту бағытында семинарлар өткізілуде. Сондай семинардың бірі Бәйдібек ауданында орналасқан «Шоқ-Талап» шаруа қожалығында балық шаруашылығымен айналысуға ниетті тұрғындар үшін арнайы семинар ұйымдастырылған. Жалпы Түркістан облысында балық шаруашылығымен айналысушылардың қатары көбейіп келеді. Қазіргі таңда өңірде тауарлық балық өмірумен айналысатын шаруашылықтардың саны 200-ден асып жығылады екен.

Биыл жаңадан ашылған шаруа қожалығының жұмыстарымен танысу  және алдағы уақытта балық шаруашылығын ашуға  қызығушылық танытқан  кәсіпкерлермен тәжірибе алмасу мақсатында өткен семинарға Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов қатысты.

- Президентіміздің Жолдауында алдымызға қойылып отырған мақсаттың бірі – ауыл шаруашылығы саласын дамыту. Диқан қауымы егін себу, көкөніс пен бақша салуды, мал бағуды да жақсы меңгерген. Шағын және орта кәсіпкерліктің де көзін тауып отыр. Кенжелеп қалып тұрғаны, бұл – балық шаруашылығы. Егер біз дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне жүгінетін болсақ, әрбір адам жылына 16 килодан кем емес балық тұтынуы керек деген пікірде. Ал бізде бұл көрсеткіш  4 килоның о жақ, бұ жағында екен. Тіпті балықты аз жейтін ел де біз болып отырмыз.  Жоғарыда ДДСҰ ұсынған балық тұтыну нормасына қол жетізу үшін еліміз өңірлерінде 300 мың тонна балық өсіру қажет етілмек, - дейді Абай Сәдірхожа. 

Ал «Шоқ-Талап» шаруа қожалығының төрағасы Бақыт Омарбеков биыл екі гектар аумаққа жасанды көл жасап, 1600 сазан шабағын жібергенін айтып, өзендердің жағалауынан жасанды көл жасауға рұқсат алу басты мақсат екенін жеткізді. Сонымен қоса жеке кәсіпкер Абзал Арынбеков Шаян өзені аңғарынан өзіне ұзақ мерзімге берілген жер телімін пайдалану  үшін  қандай жұмыстар атқарылу керектігін сұраса, Боралдай ауылдық округінен келген «Хайдар Радмир» ЖК мүшесі екі гектар аумақ жасанды көлге африкалық сомның 10 мың шабағы және 1 мың сазан жіберілгендігі жайлы мәліметімен бөлісе келе қазіргі таңда балықтың дайын азығының тым қымбаттығынан шаруалар  қолдан дайындалған  азықты  (корм) пайдаланып жатқандығын атап өтті.

Иә, балық та – байлық. Өңдеп, ұқсата алсақ, күнделікті дастарқан мәзірі қатарынан түспейтін, денсаулыққа да пайдалы, жұғымды һәм нәрлі астың бірі де осы. Өңіріміздегі су айдындарына бөлінер квота көлемінің, сондай-ақ балық аулаудың лимиттік шегінің биыл бұрнағыға қарағанда  біршама ұлғайтылуы,  әсіресе, айдын көлдеріміздегі балық саны көбейтілуіне ден қойылуы саладағы «сеңнің» қозғала бастағанының да нақты дәлелі деу ләзім. 

Айта кетейік, бүгінгі күні балық шаруашылығын дамыту жоспарына сәйкес облыстың су айдындарындағы балық қорын толықтыру ісі жүйелі түрде жүзеге асырылу үстінде. Қазірдің өзінде иеліктеріне бекітіліп берілген су айдындарына арнайы тәлімбақтарда өсірілген шабақтар жіберілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Абай Сәдірхожа балық шаруашылығы бойынша кәсіпті қалай бастау керек, қандай жеңілдіктер қарастырылған және бастаған істі қалай кеңейтіп, дамыту керектігі жайында  кеңінен түсіндіріп өтті. Семинарға қатысушылар  өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, сәйкесінше тұшымды жауаптар алды.

Түркістан облысында жыл соңына дейін 559,6 шақырым жол жаңғыртудан өткізіліп, пайдалануға беріледі
Шардара ауданында каналдар тазаланып, егіс алқаптарына су жеткізілуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу