Шымкент қаласында қолға алынған «Таза қала – өзіңнен басталады» акциясына жастар да үлес қосуда
Шымкент қаласында күзгі көріктендіру, көгеріштендіру санитарлық тазалық айлығы жалғасуда. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, кеше «Таза қала – өзіңнен басталады» атты акция аясында алғашқы жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Сенбілікте Шымкент қаласы Абай ауданына қарасы Жаңаталап елі мекенінің тұсынан ағып өтетін Бадам өзенінің жағалауы тазаланды.
Ол тазалық іс-шарасына шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков бастап қала әкімі аппаратының, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, әкімдікке қарасты барлық салалық басқармалардың, аумақтық органдардың, мемлекеттік және жеке меншік мекемелердің қызметкерлері, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен ерікті жастар қатысты.
Сонымен қатар Бадам өзенінің жағалауын тазалауға Жаңаталап, Тәуелсіздікке 20 жыл, Көкбұлақ және Алтынтөбе елді мекендерінің тұрғындары да атсалысты.
Сенбілікке жиылғандар өзен сағасын күл-қоқыстан тазартып, арнайы техниканың көмегімен сыртқа шығарды. Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманқұловтың айтуынша, бүгін сенбілік ұйымдастырылып жатқан Бадам өзенінің жағалауына алдағы уақытта ағаш көшеттері отырғызылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілуі жоспарланып отыр.
Жалпы «Таза қала – өзіңнен басталады» атты акция қазан-қараша айларында тұрақты түрде жалғасып, осындай ауқымды сенбіліктер ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр. Осы ретте қалалық жастар ресурстық орталығында «Жасыл ел» еңбек жасағының жаңа маусымының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ол іс-шарада Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов жастарды жаңа маусымның ашылуымен құттықтап, жобаның маңыздылығына тоқталды. Жиынға жастар ресурстық орталығының өкілдері мен студент жастар қатысты.
– «Жасыл ел» еңбек жасақтары – ел аумағында жастарды кең ауқымда қамтыған жобаның бірі. Осы жастар қаланың көгалдандыру жұмыстарына белсене араласып, алаңдарда, саябақтарда абаттандыру жұмыстарын жүргізіп келеді. 2005 жылы құрылған көшбасшы ұйым белсенді жастарды біріктіріп, оларды еңбекке баулу, патротизмді қалыптастыруға үлесін қосуда. Еңбектеріңізге алғысымды білдіре отырып, қала әкімінің бастауымен қолға алынған «Таза қала – өзіңнен басталады» атты акциясына атсалысуға шақырамын, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.
Жауапты мамандардың айтуынша, биыл қалада 1500 жасты аталған бағдарлама аясында жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Еңбек жасақтары қала тазалығына елеулі үлес қосып келеді. Жобаға жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері мен жұмыссыз жастар қатыса алады.