Шымкент қаласында 5 G технологиясымен 60 базалық станциялар орнатылды
Шымкент қаласында интернет және мобильді байланыс желісінің сапасын арттыруда тиісті жұмыстар жалғасуда. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, бүгінде қала аумағындағы байланыс желісін жақсарту мақсатында соңғы технологияға негізделген базалық станцияларды орнатуға басымдық берілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында цифырлы Қазақстан бағдарламасы аясында интернет желісі жүйесін дамытуды, қала мен елдімекендерді байланысқа қосуды арттыруды тапсырды. Қазір өркениетті елдер дамудың жаңа кезеңіне қадам басқалы озық үлгідегі технологиялардың мүмкіндігі молайып, көз ілеспес жылдамдықта дами бастады. Көшбасшы мемлекеттер болашағын цифрлы технологиялармен байланыстырды. Қарап отырсақ осы жаңашылдықтар заман ағымымен бізге де жетіп, қоғам соған бейімделіп келеді. Себебі ақпараттық технологиялар мен платформалар бизнес үлгілерін түбегейлі өзгертіп, делдалдарды жою және оңтайландыру арқылы олардың тиімділігін арттыруда.
Дүниежүзілік банк сарапшыларының пікірінше, жоғары жылдамдықты интернетті пайдаланушылар саны елімізде 10 пайызға артса, ол жылдық ішкі өнімнің жылдық өсімін 0,4 пайыздан 1,4 пайызға дейін арттыруы мүмкін.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Шымкент қаласында денсаулық, білім, көлік, бақылау бейнекамералары салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар баршылық, - дейді қала әкімі.
Елдімекендерге «Кcell» АҚ-ымен бірлесе 5G технологиясымен 60 базалық станциясы орнатылды. Қазір Көкбұлақ 96/1 аумағында 5G базалық станциясының монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар келесі аптада аяқталып, базалық станция іске қосылады.
Алматы тас жолындағы «Сайман» сауда үйінің шатырында орналасқан станцияның жұмысы толығымен аяқталды. Аумақта тұрғындар 5G технологиясының артықшылықтарын арнайы смартфондар арқылы тегін қолдана алады. Қалалық цифрландыру басқармасының қызметкерлері осы бағыттағы жұмыстардың барысын жіті тексеріп, жыл соңына дейін қойылған жоспардың орындалуын жіті қадағалайды.