Шымкент қаласына қарасты Әл-Фараби ауданында 25 көшеге асфальт жабыны төселді
Шымкент қаласында инжинерлік-инфрақұрылым жүйесін тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қала әкімі Ғабит Сыздықбаевтың айтуынша, Әл-Фараби ауданы аумағында биыл жалпы ұзындығы 6,8 шақырымды құрайтын 28 көшені асфальттап, 4,3 шақырымды құрайтын 12 көшеге шағал тас төсеу жұмыстары жоспарланған екен.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Жолдауында жол және инфрақұрылым құрылысына баса мән берген. Президентіміз көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, елдімекендерді сапалы ауыз сумен қамту мәселесін алдымызға қойып отыр. Соның ішінде Мемлекет басшысы ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салу бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыруға, қаржы бөлуге өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын талап еткен болатын. Біз бүгінгі таңда осы бағытта жұмыстар жалғасын табуда. Президентіміз алдыңғы Жолдауында 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде Үкіметке тапсырма берсе, оны соңғы Жолдауында 2029 жылға дейін толық аяқтауды тапсырып отыр. Бұл жұмыстар қаламызда тиісті деңгейде атқарылуда. Дегенмен тұрғындар тарапынан жолға қатысты көп сын айтылады. Біз ол қолайсыздықты жою мақсатында жаңа жобаларды қабылдап, жаңаша бағыта жұмыс істеуді қолға алдық. Атап айтар болсақ, бүгінгі таңда қанағаттанарлық автомобиль жолымен қамтуды 71,2 пайызға жеткізу жоспарлануда. Бүгінде Әл-Фараби ауданына қарасты 25 көше орташа жөндеуден өткізіліп, асфальт жабыны төселді. Қалған 3 көшеге асфальт жабынын төсеу үшін дайындық жүріп жатыр. Ал 12 көшеге шағал тас төселіп бітті, - дейді Ғабит Сыздықбеков.
Жол құрылысы жұмыстарымен қатар шаһарда жалпы 12 инфрақұрылым нысаны пайдалануға берілген. Атап айтсақ, қалада биыл 18 инфрақұрылым нысандарының құрылысы жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Бүгінде 12 инфрақұрылым нысандарының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Қалған 6 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі.
Сонымен қатар қала әкімінің айтуынша, Бозарық шағын аудандағы 9 нысан мен Тұран шағын ауданы 4 нысанды осы жылдың соңына дейін тапсыру көзделіп отыр екен. Әкімшілік іскерлік орталықтың 4 нысаны 2023 жылы тапсырылатын болса, Ақжайық шағын ауданына қарасты 1 нысанның құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.