Шымкент қаласында Еңбек ардагерлері құрметке бөленді

Oinet.kz 11-10-2023 338

Шымкент қаласында Еңбекші мен Абай ауданындағы еңбек ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. Атап айтсақ, Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек аудандағы еңбек ардагерлерін дастарқан жайып, құрмет көрсетіп, олардың бүгінге дейін атқарған еңбектерін ерекше атап өтті. 

Screenshot_61.jpg

– Қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өздеріңіздің қосқан үлестеріңіз мол. Бүгінде ортамызда жас буынға ақылман ата, көреген әже болып, өз ақыл-кеңестеріңізді беріп отырсыздар. Сіздер барда біз тура жолдан адаспайтынымыз анық, - деді Досбол Есілбек құттықтау сөзінде. 

Салтанатты жиында қала мәслихатының депутаты Мұратәлі Қалмұратов та ел ағаларына деген ақжарма тілегін айтып, осындай ақ дастарқан жайып отырған аудан әкімдігі мен кәсіпкерлерге алғысын жеткізді. 

– Кешегі білікті маман мен іскер басшы болған азаматтар бүгін арамызда ақ сақалды ата, мейірімді әже атанып, жастардың бағдаршамы болып отыр. Біз үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін халықтың ұрпағымыз. Мұндай дәстүр атадан балаға өтіп, міне бүгінгі күні қартымызды төрге шығарып, ақ батасымен өсіп-өніп жатырмыз. Ата дәстүрден жаңылмай, еңбек адамдарын құрметтеп жатқан жайымыз бар. Ардагерлерге құрмет көрсетіп, ыстық ықыласына бөлеп жүрген аудан әкімдігі мен кәсіпкерлерге алғысым шексіз, - деді Мұратәлі Қалмұратов. 

Осы игі іс-шара «Ордабасы индустриалды аймағы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демеушілігімен ұйымдастырылып отыр. Аталған мекеме мереке қонақтарына өздерінің бағалы сыйлығын тапсырып,  ақжарма тілегін айтты. Осылайша салтанат сарайында ардагерлер зор құрметке бөленіп, өнерпаздардың өнерін тамашалады. 

Сондай-ақ осындай жиын Абай аудынында да ұйымдастырылған болатын. Онда Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов сөз сөйлеп, еңбек ардагерлеріне өзінің ізгі тілегін жеткізді. 

– Халқымызда «Қартын сыйлаған елдің қазынасы мол» деген ұлағатты сөз бар. Себебі тіршіліктің тынысы мен ажары, барлық ізгіліктің бастауы өздеріңіз. Бүгінде қаламызда 87 мыңнан астам зейнеткер болса, оның 23 мыңнан астамы, яғни 26 пайызы ауданымыздың қадірменді тұрғыны. Қарттарымызға мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлық пен көмектің сапалы болуы Мемлекет басшысының басты назарында. Осы саясаттың аясында, қаламызда зейнеткерлерді сауықтыруға арналған «Белсенді ұзақ өмір» орталықтары қызмет көрсетіп келеді, - деді ол. 

Айта кетсек, жуырда қалалық ардагерлер кеңесі «Ең үздік аудандық ардагерлер ұйымы» байқауын ұйымдастырған болатын. Осы сайыста Абай ауданы ардагерлер ұйымы шаһарда ең үздік деп танылыпты. 

Салтанатты жиында патриоттық өлеңдер, ана, әке және отбасыға арналған әндер орындалып, жиылған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. 

Шымкент қаласында 67 тұрғын үй, 5 мектеп пайдалануға берілді
Шымкент қаласында ұстаздарға құрмет көрсетілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу