Шымкент қаласында салалық басқарма басшылары кәсіпкерлермен тікелей жүздесті

Oinet.kz 10-10-2023 280

Шымкент қаласында жұмысын жолға қойған жетекші кәсіпкерлік нысандар қатары артып келеді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков сол өңірдегі жетекші компаниялардың өкілдерімен кездесіп, ірі кәсіпкерлік жобалардың жүзеге ау барысын талқылады. Ол жиынға қалалық прокуратура және салалық басқармалардың, Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының басшылары мен бизнес өкілдері қатысты.

Screenshot_59.jpg

Аталған жетекші кәсіпкерлермен болған кездесуді өңірлік кеңестің төрағасы Қайрат Молдасейітов ашып, жүргізіп отырды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бірінші кезекте үшінші мегаполистегі кәсіпкерліктің дамуы мен инвестициялық ахуалға тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыттары» атты Жолдауында алдымызда тұрған басым міндеттерді айқындап берді. Біз енді өңірдегі кәсіп орындар мен өнеркәсіп орындарын қай бағытта дамыту керек екенін білеміз. Сондықтан да өңірдегі жетекші кәсіпкерлермен бас қосып, онда туындап отырған мәселелерді талқылап алсақ, жұмыстың одан әрі жандануына жол ашылады. Шағын және орта кәсіпкерлік — ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Мемлекет басшысы Жолдауда бәсекеге қабілетті орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Қаржылай қолдау салықтық төлемдерін арттырған және әлеуметтік жауапкершілікті сезінген кәсіпкерлерге беріледі. Бұл — өте маңызды мәселе. Себебі, кәсіпкерлер арасындағы сот процестері әлеуметтік маңызы бар нысандардың пайдалануға берілуін кешеуілдетеді. Сондай-ақ, кейбір кәсіпкерлердің салған тұрғын үйлерінің сапасына қатысты тұрғындар тарапынан көптеген арыз-шағымдар түсуде. Біз кәсіпкерлермен тұрақты түрде кездесіп, осындай күрделі мәселелерді ашық талқылап отырамыз, – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Жалпы, Шымкент қаласында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиев баяндады.

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік саласын дамыту жолында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекованың мәліметінше, әсіресе, шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау шаралары тұрақты жүргізіліп келеді екен.

– Осы жылдың 9 айына кәсіпкерлер палатасының қарауына бизнесті қорғау саласы бойынша 69 өтініш қабылданып, 63-і қаралған. Іскер азаматтардың қорғалған құқықтарының жалпы сомасы 600 миллион теңгеге жуық. Биылғы түскен ең көп өтініштер – мемлекеттік сатып алулар саласы бойынша – 30 пайызды, жер қатынастары – 14 пайызды, көлік және логистика саласы бойынша 13 пайызды құрап отыр. Шымкент қаласының Кәсіпкерлер палатасы жанынан Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңес жұмысын атқаруда, 8 отырыста кәсіпкерлердің жүйелі 12 проблемалық мәселесі қаралды, – деді Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова.

Жиында бизнестің проблемалық мәселелері мен ұсыныстары кең талқыланды. Кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оны шешу бойынша ұсыныстарын да айтты. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков және салалық басқарма басшылары кәсіпкерлермен тікелей тілдесіп, ұсыныстарын жазып алды, кейбіріне сол жерде-ақ жауап берді.

Шымкент қаласында жұмыспен қамту шарасына 56 мыңнан аса адам тартылды
Шымкент қаласында 67 тұрғын үй, 5 мектеп пайдалануға берілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу