Шымкент қаласында жұмыспен қамту шарасына 56 мыңнан аса адам тартылды
Шымкент қаласында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында жұмыстар жалғасуда. Жалпы шаһар бойынша 57 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту жоспарланған болатын.
Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованың айтуынша, биыл 57 181 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, оған өткен 9 айда 56 379 адам қатысқан. Жылдық жоспар бүгінде 99 пайызға орындалып отыр. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында 17 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды. Оның ішінде, 9156 адам тұрақты жұмыс орнына орналасып, 8 мыңға жуығы субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған.
Сонымен бірге басқарма басшысы жұмыспен қамту шаралары, ардагерлер мен аз қамтамасыз етілген азаматтарды әлеуметтік қорғау, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек беру, мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызметтердің орындалу барысы туралы жан-жақты айтып берді.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында халықты жұмыспен қамту шараларын күшейтуді тапсырғаны белгілі. Бұл мақсатта шаһарда ашылып жатқан зауыттар мен өндіріс ошақтарына маман дайындау іс-шаралары жалғасын табуда. Қайта даярлау курснан өткен мамандар тұрақты жұмыс орындарынан орналасуда. Атап айтсақ, жЖыл басынан бері 22 870 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде, 21 815 орын кәсіпкерлік жеке бастамамен және 1055-і ұлттық жобалар аясында ашылып отыр. Қазіргі таңда 2431 жұмыссыз азамат тегін 3 айлық қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өтуде. Оқу сәтті аяқталған соң оларға сертификат табысталып, әлеуметтік келісім-шарт негізінде кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орындарына орналасады. Сондай-ақ жыл басынан бері https://skills.enbek.kz/ онлайн платформасында 2 жарым мыңнан астам адам кәсіптік білім алды, - деді басқарма басшысы.
Жалпы биыл жасы 21 мен 35 жас аралығындағы 261 азаматқа жеңілдетілген 2,5 пайызбен шағын несие беру жоспарланып, бүгінгі күнге жалпы 379 үміткер бизнес жобасын таныстырған. Нәтижесінде, 209 үміткер комиссия қорытындысымен оң шешім алған. 145-не шағын несие беріліп, басым көпшілігі өз кәсіптерін бастап кеткен екен.