Шымкент қаласының әкімі жылыту маусымына дайындық барысын тексерді
Шымкент қаласында жылыту маусымына дайындық барысы пысықталды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетовпен бірге шаһардағы жылу желілерінің дайындық жұмысын бірге тексеріп шықты. Олар шаһардағы бірнеше шағын ауданда болды.
- Алдымызда жауапты науқан – жылыту маусымы тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында жылыту маусымына дайындық барысын күшейтіп, өткен жылғыдай елімізде жылыту маусымы кезінде орын алған төтенше жағдайлардың алдын алуды қадап тапсырған болатын. Бүгінде Шымкент қаласында жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталып, жылу беру маусымына дайындық басталып кетті. Сол дайындықты тағы көзбен көріп пысықтап алуды бүгін жөн көріп отырмыз, - дейді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Ол басқарған комиссия арнайы бақылау жүргізу барысында «3-Энергоорталық» акционерлік қоғамы, № 3 аудандық қазандық және ӘІО 160 ГКАЛ қазандығының дайындық жұмыстары тексерілді. «3-Энергоорталық» акционерлік қоғамының қысқы маусымға дайындығы толық атқарылған. Ал қуаттылығы 60 Гкал № 3 аудандық қазандығының да жылу маусымына дайындығы аяқталған. Бұл қазандық 219 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді. Әкімшілік іскерлік орталығындағы 160 ГКАЛ қазандығы 123 көпқабатты тұрғын үйге жылу береді. Бүгінде қысқы маусымға дайын.
Қаладағы 2076 көпқабатты тұрғын үй мен 464 бюджеттік мекемедегі дайындық жұмыстары аяқталды. Осы орайда қала басшысы жауаптыларға жылыту маусымы кезінде мәселе болмауын тапсырды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов пен қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Бозарық» қосалқы станциясында болды. Қаланың солтүстік бөлігін сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы іске қосылған станция қуаттылығы 160 мегават киловатты құрайды. Бүгінде қосалқы станцияның жүктемесі 47 мегаватқа жеткен.
Нысан «Оңтүстік Жарық Транзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сенімгерлік басқаруында. Осыдан бірер ай бұрын жұмыс істеп тұрған 2 автотрансформатордың біреуінде ақау пайда болып, істен шыққан болатын. Автотрансформатор серіктестік көмегімен қайта қалпына келтіріліп, жуырда іске қосылған. Сондай-ақ, ведомство басшысының орынбасары мегаполистің 2035 жылға дейінгі электр жүйесін дамытудың кешенді жоспарымен танысты.