Шымкент қаласында қала әкімі Қаратау және Тұран шағынаудандарының тұрғындарымен кездесті

Oinet.kz 06-10-2023 374

Шымкент қаласында қала әкімінің шаһар тұрғындарымен кездесуі жалғасуда. Бұл жолы қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Қаратау ауданы мен Тұран шағынаудандарында болып, аудан тұрғындарымен кездесті. 

Screenshot_47.jpg

Алдымен Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішімен таныстырды. Оның айтуынша, ауданда 18 елдімекен болса, онда 213 мыңнан астам халық тұрады. Жер көлемі 19500 гектарды құрайды. Аталған аумақта 128 балалар ойын алаңшасы, 70 спорт алаңшасы бар. Ауыз сумен 98 пайыз, электр жарығымен 98 пайыз, ал табиғи газбен 96 пайыз қамтылған. Өткен жылы аудан тұрғындары тарапынан 411 мәселе көтеріліп, оның 357-сі шешімін тапқан. Жыл соңына дейін 21 мәселе шешімін таппақ. 

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында алдымызға үлкен міндеттер қойды. Сол міндеттің бірі халықтың талап-тілегін тыңдау. Біздің мақсат өздеріңіздің тыныс-тіршіліктеріңізбен жақынырек танысып, ашық байланыс орнату. Президенттің тікелей тапсырмасы да осы. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мән-мағынасы осында. Яғни, аудан әкімдері мен басқарма басшыларының жұмыс жүйесін өзгертеміз. Енді тиісті мамандар сіздердің күнделікті тұрмыс-тіршіліктеріңізді біліп, араларыңызда жүріп, мәселелерді бақылайтын болады, — деді қала әкімі. 

Аудан тұрғындарымен болған кездесуде олардың ұсыныс-тілектерін тыңдаған қала әкімі: «Сіздер мәселе көтердіңіздер, ал біз оны шешеміз», — деді. Сондай-ақ кей мәселелер бойынша кезек күттірмей, арнайы өзі барып көретінін айтты.

Сонымен қатар қала әкімі тұрғындардың ұсыныс-тілектерін ескере келе Тұран шағынауданында жұмыс сапарымен болып, ондағы көпқабатты тұрғын үйлердің жылу жүйесімен танысты.  

Бұған дейін Тұран шағынауданында жылу жүйелерінен бірнеше рет ақау шыққан болатын. Арнайы сараптама тағайындалып, қазандықтардың жарамсыз екені анықталған. Оған қоса, тұрғындар тарапынан үй қабырғаларының сапасыздығы айтылған-ды. 

Қала басшысы тиісті мамандарға сапаны назарға алуды тапсырды. Алдағы уақытта жауапсыз мердігерлермен жұмысты тоқтатуды ескертіп, қарапайым халық зардап шекпеу керектігін баса айтты. Сондай-ақ құрылысты жүргізген мердігерлерге пәтерлердегі жылу жүйелерінің ақауларын тез арада қалпына келтіріп, қысқа дайындықты қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. 

- Биыл қалада мемлекеттік бюджет есебінен 4090 пәтерлі 98 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Оның ішінде Тұран шағынауданында 1112 пәтерлі 18 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл басынан бері 540 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Жоспар бойынша қалған 8 тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, - дейді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Шымкент қаласындағы Ә.Қуатбеков атындағы университетте студенттер Жолдауды талқылады
Шымкент қаласының әкімі жылыту маусымына дайындық барысын тексерді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу