Шымкент қаласында тариф саясаты аясында инфрақұрылым жүйесінде жаңғырту жұмыстары жүргізілуде
Шымкент қаласында тариф мәселесіне байланысты жиын өтті. Онда Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Айсұлу Әлібекова шаһардағы жағдайға тоқталған болатын.
Оның айтуынша, «3-Энергоорталық» акционерлік қоғамының жылу энергиясын өндіру қызметіне 2022-2026 жылдарға арналған тарифтері мен тарифтік сметасы және инвестициялық бағдарламасы бекітілген. Жылу энергиясын өндіру қызметіне бекітілген инвестициялық бағдарлама негізгі құралдарды күрделі жөндеуге бағытталған іс-шараларды көздейді, бұл негізгі құралдардың тозуын 60,7 пайыздан 57,7 пайызға немесе 3,02 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тариф саясатына көшу керегін айтқан болатын. Президент ұсынған жаңа саясатқа сәйкес, қайсы монополист инфрақұрылым желілерін жаңартуға инвестиция салса, мемлекет сол компанияға коммуналдық тарифтерді өсіруге рұқсат береді. Өйткені, еліміздегі коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымның әбден тозығы жеткен. Кейбір электр, жылу станцияларының салынғанына 50-60 жылдан асып кеткен. Президент бұл мәселеге уақтылы назар аударып, тиісті жұмыс жүргізілмесе, еліміздің энергетикалық дағдарысқа тап болып, халықтың жарық пен жылусыз қалуы мүмкін екенін ескертті. Осы орайда Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен Шымкент қаласы әкімдігінің бірлескен бұйрықтарымен «Су ресурстары-Маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестінің 2023-2026 жылдарға қосымша инвестициялық бағдарламасы бекітілген. Оған сәйкес, монополист компания осы уақыт аралығында 38,3 шақырымдық кәріз жүйесін реконструкциялайды. Бұл кәріз желілерінің тозуын 77 пайыдан 71,65 пайызға немесе 5,35 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді, - дейді Айсұлу Әлібекова.
«ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы инвестициялық бағдарлама аясында биыл 76,712 шақырым газ құбырын қайта жаңарту көзделген. Оның ішінде 30,389 шақырымы жер астымен жүргізілетін полиэтилен құбыры болса, қалған 46,322 шақырымы жер үстімен жүргізілетін болат құбырлар. Бүгінде полиэтилен құбырлардың 16,041 шақырымы, ал, болат құбырдың 27,139 шақырымы жүргізілген. Сонымен қатар газ қысымын төмендетуге арналған 167 газ реттеу пункттері орнатылады.