Шымкент қаласының әкімі ардагерлерді қарттар күнімен құттықтады
Шымкент қаласында 1 қазан – Қарттар күні аталып өтті. Қарттар күнінің құрметіне орай ардагерлерді қала әкімі Сыздықбеков Ғабит Әбдімәжитұлы құттықтады. «Қарттарым – асыл қазынам» атты мерекелік іс-шарада қала басшысы қаламыздың ардагерлеріне деген ыстық ықыласын жеткізіп, тиісті марапаттарын тапсырды.
- 1990 жылы желтоқсан айының он төртінші жұлдызында Біріккен Ұлттар Ұйымының бас ассамблеясы 1 қазанды «Халықаралық қарттар күні» деп жариялаған болатын. Бүгінде қазыналы қарттарға құрмет көрсетілуде.
Сіздердің ел ішінде еңбектеріңіз елеулі. Қазыналы қарттардың өмірден алған тәжірибесі бізге үлгі. Қазақтың ұлттық рухының биіктігі қазыналы қарттарды құрметтеуінде жатыр. Әрбір үйдің ақылшысына айналған қарияларға ұзақ ғұмыр тілейміз. Сіздерді халықаралық қарттар күні мейірім мен ізгілік мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қарты бар үйдің шырағы сөнбейді. Бүгінгі құрмет-қошеметтің барлығы сіздерге арналады. Өздеріңізге айтар алғысымыз бен құрметіміз шексіз. Қазыналы қарияларымыздың қамсыз қарттығын қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Ең бастысы саналы ұрпақ пен жақындарыңыздың қамқорлығына бөленіп, ортамызда аман жүріңіздер! - деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда қалада 88 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Оның ішінде 3 ұлы Отан соғысы ардагері мен 2 мыңнан астам тыл еңбеккері бар. Ақсақалдарға барынша қолдау көрсетіліп, өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіліп отыр. Алдағы уақытта бұдан да тиянақты істерді жоспарлап, іске асыру ойластыруда.
Мерекелік іс-шарада елдің дамуына сүбелі үлес қосқан, ұлт ұйытқылары ардагерлер Шымкент қаласы әкімінің Алғыс хаты және Құрметті ардагер төс белгілерімен марапатталды.