Шымкент қаласының әкімі журналистермен кездесті
Шымкент қаласында бұқаралық ақпарат құралдардың жүйесі жақсы жолға қойылған. Бүгінде шаһарда 170-тен астам орталық жұмыс істеуде. Сол орталықтардың басын қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бір ортаға қосып, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен арнайы кездесті. Басқосуға телеарналар мен газеттердің бас редакторлары, журналистер және әлеуметтік желі белсенділері қатысты.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында мемлекет пен қоғам өмірінің барлық бағыттары бойынша сын-қатерлер мен басымдықтар нақты көрсетілді. Саяси оқиғалардың шиеленісуі экономикаға ауыр зардаптар әкелумен қатар зор мүмкіндіктер кезеңін тудыратыны белгілі. Аталған мүмкіндікті еліміз қолдана алды деп есептеймін. Мұны мемлекет басшысы да тілге тиек етті. Еліміздің экспорттық әлеуеті артты. Сауда-саттық күшейді. Әйткенмен дәл қазіргі қалпымызда қала алмасымыз анық. Сондықтан ел президенті өнім шығаратын кластер құру тапсырмасын жүктеді. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта Шымкент қаласында көптеген өндіріс орындары ашылды. Инвестициялық жобаларды қолдау барысында импорттық өнімдерді алмастыруға ықпал ететін бастамаларға басымдық берілді. Осының өзі өңірімізде мемлекет басшысы атап айтқан жұмыстардың жанданып жатқанын айғақтайды. Экономиканы әртараптандыру арқылы өндіруші мемлекеттен өңдеу өнеркәсібі дамыған елге айналу – заман талабы. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар мемлекет басшысының жүктеп отырған тапсырмасымен жандана түседі деген ойдамын. Елімізде қолға алынған реформаларды жалпыхалықтық қолдаусыз толықтай іске асыру мүмкін емес. Бұл ретте барша азаматтарымыздың күш-жігерін елдік мақсаттарға жұмылдыруда бұқаралық ақпарат құралдары маңызды рөл атқарады. Мен өз қызметімде объективті, конструктивті пікірлерге ашықпын. Сіздер халық үшін еңбек етіп жүрсіздер. Шығармашылық қызметтеріңіз жоғары бағаға лайық деп білеміз. Бәріміз де - осы елдің азаматы, осы халықтың перзентіміз. Олай болса, баршаңызды еліміздің дамуы, қаламыздың көркеюі жолында жұмыла жұмыс жасауға шақырамын», - деді қала әкімі.
Журналистер шаһар басшысына сала мамандарының біліктілігін арттыруда, ашықтықты қалыптастыруда, ақпарат таратуда нақты ұсыныстарын айтты. Сонымен қатар, қала аумағындағы жол, қоғамдық көлік, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Ал қала әкімі барлық салада ашықтықты қамтамасыз етіп, мегаполисті көркейтуде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.