Шымкент қаласында жылу маусымына дайындық жұмыстарын 1 қазанда толық аяқтайды
Шымкент қаласында қыс айларына дайындық жұмыстары аяқталып келеді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, қазір қаланың 23 бөлек орналасқан жылу қазандықтарынан 20 қысқы маусымға дайын. Қалғандарында тиісті жұмыстар қарқынды жүргізілуде.
Ал Ж.Адырбеков, Т.Орынбаев көшелеріндегі 4,1 шақырым жылу желілерін және 2 сорғы станциясын қайта құру нысаны бойынша орындалғаны бүгінде 3,7 шақырым. Қазір сорғылар нысан басына жеткізілген. Ал, Тұран, Шымсити шағынаудандарындағы көпқабатты үйлердің қысқы жылу мерзіміне дайындығын «Қуатжылуорталық-3» мекемесі жүргізуде.
Бүгінде қала аумағында 2 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үйдің 93 пайызы жылу маусымына дайын. Бұл бағыттағы жұмыстар 1 қазанға дейін аяқталады. Сондай-ақ 464 бюджеттік мекемеде де әзірлік шаралары аяқталып келеді. Инфрақұрылым желілерінің дайындығы да кестеге сәйкес атқарылуда. Ал №1 қазандықтағы жөндеу жұмыстары аптаның аяғына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Мәселен, «New city» тұрғын үй кешенінде 8 үйді қысқы жылыту маусымына дайындау жұмыстары жүргізілді. Тұрғындар «Әбдінұр» жеке кәсіпкерлік сервистік компаниясымен келісімшарт жасасқан. Қазіргі уақытта жылу құбырларын ретке келтіру, жылу қазандығын дайындау жұмыстары толық аяқталған.
– 2021 жылы орнатылған екі қазандық жаңа технология бойынша жұмыс істейді. Бүгінде екі қазандық дайындалса, оның бірі резервте тұр. Биыл қазандықтар және үш сорғы жөндеуден өтті. Мұнда 450 абонентке қызмет көрсетеміз. Біз қысқы маусымға толық дайынбыз, – дейді «Қуатжылуорталық-3» мекемесінің өкілі Айбек Әшіров.
Көпқабатты тұрғын үйдің мүлік иелері бірлестігіне өтуіне байланысты үйді күтіп ұстау, тазалығы, инженерлік жүйелерді қыс маусымына дайындау жұмыстары бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілген. МИБ төрайымы Ботакөз Қасымова сервистік компаниямен келісімшарт жасалып, оның жұмысы тұрғындар көңілінен шыққанын атап өтті.
Сондай-ақ, Шымсити шағын ауданындағы 13, 10 үйдің де қысқы маусымға дайындығы пысықталды. 13 үй басқарушысы Нұрлан Оразалыұлы сервистік компания барлық жағдайды жасап отырғанын айтады.
Жалпы шаһардың 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының барысы қала әкімінің тікелей бақылауында. «Жылу қазандықтарына жауапты әрқайсыңыз тиісті нысандарды аралап, жылу жүйелерін тағы бір тексеріп шығыңыздар. Қандай бар бір өзекті мәселе болса, ашық жеткізу керек. Әрбіріңізді жүктелген міндеттеріңізге жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Халықтың игілігі үшін баршамыз жұмыла жұмыс жүргізейік. Жылу маусымына дайындық жұмыстарын жеке аралап көремін», - деді мегаполис басшысы. Жылу маусымына дайындық шараларына апта сайын тұрақты мониторинг жүргізілуде.