Шымкент қаласының жастары бас қосты
Шымкент қаласында белсенді жастар бас қосты. Қала әкімдігі жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес отырысында атқарылған жұмыстар мен өзекті проблемалар қаралды. Кеңесте мегаполис жастар саясатын қалыптастыруда, жұмыссыздықтың алдын алуда атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, бүгінгі таңда еліміздің жастарына үлкен қолдау көрсетіп отырған Президент тапсырмасы шеңберінде қалада осы санатқа кіретін азаматтардың жан-жақты дамуына, білім алуына, кәсіпкерлікпен айналысуына тиісті көмектер көрсетілуде.
- Қазір қала аумағында бұл санатқа кіретін азаматтар саны – 363 мыңға жетті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ұлттық жоба аясында биылдан бастап жастарға жеңілдікпен шағын несие беру қолға алынды. Енді 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастар 2,5 пайызбен 5 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Осы бағытта қала бюджетінен 261 жасқа шағын несие беру жоспарда бар. Бұл – кәсіпкерлікпен, тауар өндірумен, сатумен, қызметтер көрсетумен, өнім өндірумен айналысқысы келетін жастарға берілген үлкен қолдау. Жас буынды баспанамен қамту шаралары да нәтижесін беруде. Тіпті кезінде білім ала алмай қалған жастарға жан-жақты көмектер көрсетіледі. Бір сөзбен айтқанда, жас буынның болашағын құруға барлық мүмкіндіктер қарастырылған, - деді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.
Кеңестің қорытындысында түрлі саладағы озат жастар арнайы марапатталып, сый-құрметке бөленді. Қала әкімі қоғамның қозғаушы күші – жастар екенін астын сызып отырып айтып, мегаполистің дамуына атсалысуға, мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдалана отырып, жаңаша, тың жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Жиын барысында қаладағы жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, тұрғын үй салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар арнайы бейнеролик арқылы таныстырылды. Мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көрген жастар жарыссөзге шығып өз тәжірибелерімен бөлісті.