Шымкент қаласындағы Асар-2 шағын ауданы электр жарығымен қамтылуда
Шымкент қаласындағы жаңа шағын аудандарды инфрақұрылым жүйесімен қамту жұмыстары жалғасуда. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, бір ғана Абай ауданының аумағы 24 мың гектар аумақты құрайды екен.
Онда тұратын халық саны 257 мыңнан асады. Аудан аумағында 27 шағын аудан мен елді мекен орналасқан. Оның ішінде 202 көп қабатты тұрғын үй, 1 274 көше, 93 әлеуметтік нысан бар.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында халықты жарықпен, ауыз сумен және жайлы инфрақұрылыммен қамтуды тапсырған болатын. Бұл бағытта өңірімізде жүзеге асып жатқан жобалар баршылық. Бірақ ол әлі де болса жеткіліксіз. Қазіргі таңда Қазақстанға 1 миллиард 200 мегават электр энергиясы жетіспейді. Әсіресе қысқы мезгілде энергияны басқа мемлекеттерден алуға мәжбүр. Экономика дамыған сайын электр энергиясы көздерінің жетіспеушілігі көбейе бастайды. Бұл қалада да байқалады. Дегенмен біздің басты міндетіміз халыққа қуат көзін жеткізу. Ал «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін елімізде таза ауызсу мәселесін шешуді тапсырғаны белгілі. Яғни, алдағы үш жылда қалалар 100 пайыз, елдімекендер 80 пайызға дейін таза ауызсумен қамтылуы тиіс. Жолдауда айтылған «Ақбұлақ» бағдарламасы да өңірде өз шешімін тауып, кезең-кезеңмен іске асырылуда, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Оның айтуынша, бұл аудан аумағындағы 27 елді мекеннің 26-сы таза ауыз сумен қамтылған. Ал ауыз сумен қамтылмаған Қайнарбұлақ тұрғын алабында 1540 абоненттен тұратын 8 160 халық бар. Биыл аталған тұрғын алап толыққанды ауыз сумен қамтылады деп күтілуде. Өткен жылы басталған құрылыс жұмыстары осы жылдың соңында аяқталады. Жоба құны 7,1 миллиард теңгені құрайды.
Электр жарығы бойынша 27 елді мекеннің 25-і сапалы электр жарығымен қамтылған. Жарықпен толық қамтылмаған 2 елді мекен, олар Асар-2 шағын ауданы және Қайнарбұлақ тұрғын алабы. Асар-2 шағын ауданында орналасқан 825 абоненттің 70 пайызы қамтылған, қалған 30 пайызбен қамту мерзімі осы жылдың соңына белгіленген. Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы 8160 халықтың (1174 абонент) 24 пайызы қазір қамтылып тұр. Мұнда өткен жылы құрылыс жұмыстары басталып, жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланған. Жоба құны 2,6 миллиард теңгені құрайды.