Шымкент қаласында 1-4-сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылады
Шымкент қаласында жаңа оқу жылынан бастап мектептерде 1-4-сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылатын болды. Қала әкімінің Мұрат Әйтеновтың айтуынша, былтыр бастауыш сынып оқушыларының шамалы бөлігі ғана тегін тамақпен қамтылса, биыл 100 пайыз қамту жоспарланып отыр екен.
Республикалық оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметіне сүйенсек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл 1 қыркүйектен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан 1,5 миллионнан астам оқушыны, сондай-ақ әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандырумен қамту жоспарланған. Республика бойынша тегін тамақтану құны орта есеппен 577 теңгені құрайды, ең жоғары баға Алматы қаласында – 800 теңге екен. Ал алдыңғы жылдары 1-4-сынып оқушыларын тегін тамақпен қамту 56,6 пайызды құраса, бұл Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Атырау облыстарының оқушылары болды.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1-4-сынып оқушыларын мектепте тегін тамақпен қамту туралы тапсырма берген болатын. Президенттің бұл бастамасы балалардың денсаулығына, жақсы дамуына, оқу үлгерімін және әл-ауқатын жақсартуына оң әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан да жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамту мәселесін мәслихат сессиясына қойдық. Қазір бұл мәселе өзінің оң шешімін тауып, депутаттар тарапынан да қолдау тауып отыр, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Қала әкімінің тікелей қолдауымен бүгінде аталған мәселе оң шешімін тауып отыр. Алдағы уақытта қалалық бюджет есебінен аймақтағы бастауыш сынып оқушылары 100 пайыз ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін тиісті қаржы қаралған. Бұл жаңалық қаладағы барлық ата-аналарды да, балаларды да қуантатып отырғаны белгілі. Себебі бұған дейін тегін ыстық тамақ оқушыларға тек әлеуметтік жағдайына қарай беріліп келген.
- Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қаламыздағы барлық мектеп оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осылайша жаңа оқу жылынан бастап 100 пайыз көрсеткішке қол жеткізілетін болады, - деді қала әкімі.