Шымкент қаласында 9 білім мекемесі күрделі жөндеуден өткізілуде
Шымкент қаласында бүгінгі таңда тоғыз білім ғимараты күрделі жөндеуден өткізілуде. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, жаңа оқу жылына дейін 4 мектеп пен 2 балабақшаның және колледж бен 2 арнайы мектеп-интернатының ғимараттары пайдалануға беріледі.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов аталған құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс барысымен танысып, мердігерлерге құрылыс жұмысын жандандыруды тапсырды.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында білім, денсаулық пен бұқаралық спорт салаларын дамытуға баса мән беріп отыр. «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» дейді Президент. Жалпы мектептердегі білім сапасын арттыруға бүгінгі таңда жасалып жатқан игі істер де өз септігін тигізуде. Мектептердің материалдық-техникалық жағдайы жылсанап жақсара түскен. Мәселен, №4 шағын аудандағы №78 орта мектеп ғимараты 2004 жылы салынған болатын. Бүгінгі күні мектеп күрделі жөндеуден өткізілуде. Жобалық қуаттылығы 465 орындық білім нысанының күрделі жөндеу жұмыстары бүгінде 60 пайызға орындалған. Өндірістік кестеге сай ғимарат тамыз айының ортасында пайдалануға беріледі деп күтілуде, - дейді қала әкімі.
Білім басқармасына қарасты «Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғимараты да күрделі жөндеу көрмеген орталықтардың бірі болатын. Мұнда да қазір құрылыс қарқынды жүруде. Жоба бойынша үш қабатты ғимараттың қабырғасы толық жаңартылып, инженерлік коммуникациялық желілері ауыстырылады.
Қаладағы В.Терешкова атындағы №93 жалпы білім беретін мектептің ғимараты да замана талабына сай жабдықталуда. Жаңаталап шағын ауданындағы мектептің бірінші корпусы 1951 жылы салынған. Аумақта оқушы саны артқандықтан, соңғы жылдары мектеп кеңейтіліп, қайта жасақталған. Мұнда да инженерлік жүйелер толық жаңалануда. Жоба бойынша қосымша спорт алаңшасы салынып, көріктендіру, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Аталған нысандарды аралап көрген қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға мердігерлер жауапкершілігін арттыра отырып, ең алдымен сапаны бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ өндірістік кестеге сай күрделі жөндеу жұмыстарын толық аяқтап, білім ошақтарын жаңа оқу жылына тапсыруды ескертті.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласы Тұран ауданына қарасты Құрсай елді мекені Шаштөбе көшесінде жаңа мектеп құрылысы жүргізілуде. Оның құрылыс жұмысы өткен жылы басталған болатын. Ондағы Әл-Фараби атындағы білім ордасы 900 балаға арналған. Бүгінде құрылысы қарқынды жүруде.
Жеке инвестордың есебінен салынып жатқан мектеп құрылысы осы жылы жаңа оқу жылында пайдалануға беру жоспарлануда.