Шымкент қаласында биыл 15 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртудан өткізіледі
Шымкент қаласындағы тұрғын үй қорын модернизациялау бағдарламасы бойынша жыл сайын тұрғындардың келісімімен көп қабатты тұрғын үйлер жөндеуден өткізіліп келеді. Шымкент қаласының құрылыс басқармасының басшысы Мадияр Байымбетовтың айтуынша, көп қабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеуі Қазақстан Республикасы Үкіметінің Тұрғын үй-коммуналдық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы негізінде іске асырылады екен.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында Ұлттық экономика құрылымында құрылыс секторы маңызды орынға ие екеніне тоқталған болатын. «Осы сала ішкі жалпы өнімнің 5-6 пайызын береді. Жанама салалар қосылса, бұл көрсеткіш одан да көп» дейді Президент. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінгі таңда қаламызда құрылыс саласына атқарылып жатқан жұмыс ауқымы кеңейіп келеді. Әсіресе жаңа тұрғын үй құрылысымен қатар ескі көпқабатты тұрғын үйлерді модернизациялау өз нәтижесін беруде. Қайта жаңғыртуды қажет ететін үйлер көптеп саналады. Жалпы тұрғын үй қорын модернизация бағдарламасының мақсаты – Шымкент қаласындағы авариялық тұрғын үй қорының өсуін болдырмау, тұрғын үй аумақтарын дамытуды және оларды абаттандыруды қамтамасыз ету. Сондай-ақ, азаматтардың өмір сүру ортасын жаңарту және қоғамдық кеңістікке қолайлы жағдай жасау, - дейді Мадияр Байымбетов.
Жалпы Шымкент қаласында өткен жылы 9 көпқабатты тұрғын үйді қайта жаңғыртудан өткізу үшін 462 миллион теңгеге оның күрделі жөндеу жұмысына жұмысалған. Ал биыл жалпы құны 1 миллиард теңгеге 15 тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр екен. Оның 12-сі Әл-Фараби ауданы, 3-еуі Тұран ауданы аумағында орналасқан. Келесі жылы 40 тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.
«Біздің алдыға қойып отырған мақсатымыз тұрғындардың жайлылығын қалыптастыру. Біз қаланың бас жоспарын басшылыққа алып, халықты жайлы баспанамен, жайлы ауламен және инфрақұрылыммен қамтамасыз ететін боламыз. Қала әкімінің тапсырмаларын басшылыққа ала отырып жұмыс істеп келеміз. Ал жоғарыда айтқан жұмыстар мен алдағы уақытта атқарылатын жобалардың барлығы да ел үшін атқарылатын болады, оның игілігін ел көреді», дейді құрылыс басқармасының басшысы.