Шымкент қаласында жаңа оқу жылында №8 мектеп гимназиясындағы қосымша ғимарат пайдалануға беріледі
Шымкент қаласында жаңа оқу жылы қарсаңында М.Х.Дулати атындағы №8 мамандандырылған мектеп гимназиясының қосымша ғимараты пайдалануға берілгелі жатыр. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, қазіргі таңда ондағы құрылыс жұмысының 80 пайызы аяқталған. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
- Мемлекет басшысы Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» дейді. Мемлекет басшысы білімді дамыту арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру керек деп міндет жүктеді, мұны біз абыроймен атқаруымыз керек. Біз балалардың сапалы білім алуымен қатар, рухани дамуын, дүниетанымы кең болуын да қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл бағытта Президент мектепте оқушылардың тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін дәрістер ұйымдастыруды тапсырды. Оған медиасауат, құқық, қаржы сауаты тақырыптарын енгізу – жаһанданған заманның талабына айналып отыр. Сонымен қатар олдардың демалысын жақсы ұйымдастыру. Жалпы мектептердегі білім сапасын арттыруға бүгінгі таңда жасалып жатқан игі істер де өз септігін тигізуде. Мектептердің материалдық-техникалық жағдайы жылсанап жақсара түскен, - дейді қала әкімі.
Жуырда қала әкімі аталған мектептің құрылыс басына арнайы барып, жұмыс барысымен танысқан болатын.
Үш тілде оқытатын мамандандырылған гимназия қаламыздағы ең үздік мектептердің бірі. Қала орталығында орналасқан мектептегі оқушы санының көптігінен, әрі үш ауысымды мектеп қатарын болдырмау туралы қала әкімінің тапсырмасына сәйкес жаңа қосымша корпустың құрылысы басталған болатын. Қазіргі уақытта құрылыстың 80 пайыз құрылыс жұмысы аяқталған. 1 100 орынға арналған ғимаратта сынып бөлмелері, 250 орындық акты залы, спортзал, 320 орындық асхана құрылысы жобаланған болатын.
Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға сапасыздыққа жол бермей, нысандарды өндірістік кестеге сай аяқтап, үш ауысым мәселесін түбегейлі шешуді тапсырды. Мектеп құрылысы қыркүйек айына дейін аяқталып, жаңа оқу маусымына тапсырылған жағдайда, Шымкент қаласы еліміздегі үш ауысымды мектеп мәселесі шешілген қалалардың қатарына енетін болады.