Шымкент қаласындағы «Нұрсәт» шағын ауданында оқушылар сарайы ашылды
Шымкент қаласында өткен қала күні «Нұрсәт» шағынауданында бой көтерген Оқушылар сарайы пайдалануға берілген болатын. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, мегаполистің кескін-келбетін айшықтайтын 500 орындық сәулетті ғимарат балалар шығармашылығын дамытуға жол ашпақ екен.
- Шымкент қаласында білім саласында көп жұмыс атқарылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен шаһарда «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынып, жиырма бес мектеп салу жоспарлануда. Ал алдағы үш жылда, атап айтқанда, 2025-2026 жылдарға дейін қаламызда тағы 3 өнер мектебін салуды жоспарлап отырмыз. Тұран шағынауданында қазір бір мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Осылайша, алдағы уақытта әр ауданда Оқушылар сарайы іске қосылады. Мұндай орталықтар жас буынның шығармашылығын шыңдап, жан-жақты дамуына жол ашады – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Төрт бірдей ауысымда жұмыс істейтін ғимаратта бассейн, күрес, жекпе-жек, үстел теннисі ойындарының залдары орналасқан. Сондай-ақ, көркем-эстетикалық блокта бейнелеу өнері, драма, сәндік-қолданбалы өнер, қыш жасау үйірмелері жұмыс істейді. Ал ғылыми-техникалық секторда 3D модельдеу, Lego кабинеті, интерактивті кітапхана, биотехнология, гуманитарлық блокта фото және бейне студия, журналистика, моториканы дамыту үйірмелері ашылады. Музыкалық білім бөлімінде дыбыс жазу студиясы, музыкалық аспаптар, вокал студиясы бар. Сондай-ақ балалар мұнда футболға баскетбол мен волейболға қатысып, воркаут алаңында дене шынықтыра алады. Жалпы айтқанда мектеп оқушыға қажетті барлық дүниемен қамтылған.
Сән-салтанаты келіскен, кең,жарық әрі әсем ғимаратта оқушылардың мектептен тыс уақытын тиімді үйлестіре отырып, қарым-қабылетін дамытуға барлық жағдай жасалған.