Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданында атқарылып жатқан жұмыс ауқымды
Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданында биыл атқарылып жатқан жұмыс көп. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, қала аппараты тарапынан аудан аумағында су шаю қаупі туындаған қауіпті орындарға зерделеу жұмыстары ұйымдастырылып, қауіпті аймақтар анықталған.
Жалпы онда су басу қаупін алдын алу мақсатында ауданның 5 аумағында ирригациялық жүйелер орнату жұмыстары жүргізілуде. Арық-атыздардың жалпы ұзындығы 1330 метрді құрайды.
Сонымен қатар 2024 жылға «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында су жиналу қаупі бар 16 мекенжайға ирригациялар жүргізіледі. Қазіргі таңда желілердің жобалау-сметалық құжаттасы әзірленуде.
Сонымен қатар биыл Әл-Фараби ауданы аумағындағы 387 контейнерлік алаңдағы 120 орынға 166 контейнерлік алаң орнатылып, жалпы саны 553 алаңға көбейтілу жоспарлануда. Қазіргі таңда жабық қоқыс алаңшаларын орнату жұмыстары басталып кетті.
Бұрынғы алаңшалардан ерекшелігі мұндағы жабық алаңшалар тұрмыстық қатты қалдықтар ауа-райының қолайсыздығынан, қатты желден қоқыстардың ұшып кетуіне жол бермейді. Сондай-ақ, сыртқы көрінісі қала көркіне сай етіп жинақы дайындалған. Алдағы уақытта қоқыс алаңшаларына арнайы қоқыс контейнерлері қойылатын болады.
Бұдан бөлек, Әл-Фараби ауданы аумағында 926 көп қабатты тұрғын үй бар. Оның 857-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Аталған көп қабатты тұрғын үйлерді жылу маусымына дайындау бойынша Қуатжылуорталық-3 мекемесімен бірлесе 2023-2024 жылдарға арнайы іс-шара жоспары бекітілген.
Аталған іс-шараға сайкес, аппарат қызметкерлері аудан тұрғындарына жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу бойынша күн сайын түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Тұрғындарға жылыту қондырғылары мен қазандықтарының техникалық жай-күйін, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын алдын ала жүргізіп, тиісті мекемемен келісім-шартқа тұру маңызды екені ескертілуде.