Шымкент қаласында спорт нысандары көптеп бой көтеруде
Шымкент қаласында спорттық нысандар көптеп бой көтерілуде. Қала әкімі шағын аудан тұрғындарымен болған кездесуде халық тарапынан жиі көтерілетін сұрақтың бірі осы - спорт алаңдарын салу. Халықтың сұранысына қарай шағын аудандарда спорт алаңдары қаланың барлық шағын аудандарында салынуда.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, бұқаралық спорттың халық арасында жаппай белең алу үшін ең алдымен спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу маңызды екені белгілі. Қазіргі уақытта қаладағы спорттық нысандар 1077-ге жетіп отыр. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 144 спорт нысанға артқан.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында білім, денсаулық пен спорт салаларына басымдық беріп отыр. Бүгінде қалада құрылыс жұмыстары басталған, бой көтеріп жатқан спорт нысандары мен алаңшалар еліміздің ертеңі жастар үшін салынуда. Бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен де тоқтап қалмақ емес. Алда көпқабатты тұрғын үйлердің маңайында да ашық спорт алаңдарын мүмкіншілігінше көптеп салу жоспарымызда бар. Сонымен қатар қаланың шеткі шағын аудандарында орналасқан елді мекендер де бұл игі істен шет қалмайды. Кейбір аудандарда бұрын салынса, енді бірінде салынып жатыр. Келесілерінде жоспарлануда. Мәселен, 2021 жылы қала аумағындағы тұрғын алаптар мен шағын аудандарда спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында 115 спорт алаңшаның құрылысы жүргізілген болатын. Оның 14-і демеушілер есебінен, қалған 101 спорт алаңшаның құрылысына бюджеттен 2 миллиард 060 миллион теңге қаржы бөлініп, спорт алаңшалары пайдалануға берілді. Бұл жұмыстар 2022 жылы да өз жалғасын тапқан болатын, - дейді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.
Қала әкімінің айтуынша, бұдан бөлек, жеке инвесторлар арқылы «SHootting plaza» әмбебап ату кешені іске қосылған екен. Ал биыл «Үстел теннисі спорт кешені» және «Жаңа ипподром құрылысы», «Металлург» стадионын реконструкциялау» құрылыс жұмыстары, Бозарық-3 шағын ауданындағы қалалық №20 спорт мектебінің спорт ғимаратының құрылысы толығымен аяқталып, қолданысқа берілген.
Ал, жыл соңына дейін №12 спорт мектебінің қосымша корпусының құрылыс жұмыстарын аяқтап, тапсыру жоспарланған. Жалпы өңірде тұрғындардың дене шынықтыру және спортпен айналысу үшін бар жағдайлар жасалуда. Бүгінде қалада дене шынықтыру және спортпен жүйелі шұғылданушылар саны 498 852 адамға жетіп, 42 пайызды құраған.