Шымкент қаласындағы Таскенде тоғыз көшеге асфальт жабыны төселуде
Шымкент қаласында көше жолдарына асфальт жабыны төселуде. Қала әкімі Мұрат әйтеновтың айтуынша, бүгінгі таңда Қаратау ауданына қарасты Таскен шағын ауданындағы көшелерге асфальтжабынын төсеу жұмыстары басталып кеткен. Атап айтқанда, Байсал, Қызан, Сандуғаш, Айнабекұлы, Кемел, Қырмызы және №1, №2, №3 аты жоқ көшелерінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл көшелердің жалпы ұзындығы 4,6 шақырымды құрайды.
Жоғарыда аталған көшелердің құрылыс жұмысымен арнайы танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов мердігер мекеме басшыларына жол құрылысын стандартттық ережеге сай сапалы жүргізді шегелеп тапсырды.
- Қазіргі таңда жол құрылысы жұмыстарына басымдық беріліп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында көлік-логистикасын жақсартуды тапсырғаны белгілі. Бұл бағытта Шымкент қаласында айналма жол салынуда. Сонымен қатар қала ішілік көше жолдары мен қалаға қарасты шағын аудандардағы елдімекен арасындағы көше жолдары жөнделуде. Кейбіріне шағал төселсе, енді біріне асфальт жабыны төселуде. Президентіміз тапсырғандай 2025 жылға дейін жол құрылысын 100 пайызға жеткізу жоспарлануда, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Жалпы жыл соңына дейін Таскен шағын ауданында 7,9 шақырымды құрайтын 16 көше орташа жөндеуден өткізіледі.
«Биыл жалпы қаламыздағы жол жабындысы жағдайын жақсарту мақсатында шаһар аумағында 243 нысан, яғни 297 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы қаламыздың жол инфрақұрылымын дамытып, сапасын жақсарту мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген. Атқарылып жатқан жұмыстар жоғарыда аталған іс-шара аясында іске асырылуда. Жол құрылыс жұмыстарының нәтижесінде жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы жыл соңында 71,2 пайызға дейін жеткізу жоспарланған. Бас жоспарға сәйкес, қала орталығынан шалғай орналасқан шағын аудандар мен тұрғын алаптардың ішкі орам көшелеріне басымдылық берілуде», дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.