Шымкент қаласында «Көрме» орталығында өткен қоғамдық қабылдауға 200 тұрғын қатысты
Шымкент қаласындағы «Көрме» орталығында азаматтарды бірыңғай қабылдау күні өтіп, өтініш білдіруші тұрғындар мәселесі тыңдалды. Тұрғындарды толғандырған мәселелердің маңызды бөлігі елді мекендердегі ауыз су, табиғи газбен қамту, жарықтандыру, кәріз жүйелерін орнату, қатты тұрмыстық қалдықтарды тазарту және әлеуметтік қолдау көрсету алға тартылды.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен барлық деңгейдегі әкімдер халықпен кездесіп жеке қабылдау өткізуде. Осындай қабылдау «Көрме» орталығында ұйымдастырылып, оған екі жүзден астам қала тұрғыны қатысты. Біздің, қала әкімдігі мен қалалық мәслихаттың алдына қойылған басты міндет, елге, халыққа адал қызмет ету. Бұл барлығымыздың азаматтық борышымыз. Елдің дамуы мен халықтың тұрмысын көтеруге халық қалаулылары да атсалысуда. Кезекті жазғы демалысқа шыққан Парламент Мәжілісінің депутаттары да қаламызға келіп, шағын аудандарға шығып, сайлаушылармен кездесулер өткізуде. Мұндағы басты мақсат – ел ішіндегі ахуалмен танысу және тұрғындардың түйінді проблемаларымен танысып, оған назар аудару. Ал бүгінгі қабылдауда халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, олардың көтерген мәселелерін шешуге тырыстық. Бір атап өтерлігі бұрынғыдай халық өзінің жеке мәселесімен келмейтін болға. Көтеріп отырған мәселелері де елдің мүддесін көтеруге құрылған. Бұл әрине экономикамыздың түзеліп, халықтың сана сезімінің өсе түскенін аңғартады. Біз халық көтерген барлық мәселені бірдеммен шешіп тастамасақ та кезең-кезеңмен жоспар құрып шешудеміз. Оның кейбірі қаланың бас жоспарына енгізіліп, өз шешімін тауып келеді, - дейді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Қабылдау барысында шағын аудандар бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға жауапты мердігер қала әкімі тарапынан тапсырма беріліп, бүгіннен кешіктірілмей толық ретке келтіру тапсырылды. Сондай-ақ, балалар ойын алаңшасының құрылыс жұмыстарын жеделдету бойынша мердігер мекемеге тапсырма беріліп, ағымдағы айда толық аяқтап тұрғындарға пайдалануға беру қажеттігі ескертілді.
Халық тарапынан жиі көтерілетін мәселелердің бірі – халыққа әлеуметтік көмек көрсету. Бұл мәселе де билік назарында. Ол бойынша да қабылдауға келген азаматтарға кеңестер берілді.
Жалпы қабылдау қорытындысына сәйкес 200-ден астам қала тұрғыныының өтініші мен ұсыныстары назарға алынды. Оның ішінде бірқатар мәселе дереу шешімін тапса, енді бір мәселелер шешу жоспарына қойылды. Ал, қалған өзекті сұрақтардың шешімін табу бойынша тиісті жұмыстар құзырлы мекемелерге тапсырылды.