Шымкент қаласында түрік компаниясы алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт салынуда
Шымкент қаласында өз бизнесін ашып, инвестиция салуға деген шетелдіктердің қызығушылығы жоғары. Бүгінде шымкент қаласының әкімдігі Қытай, Ресей, Біріккен Арап Әмірлігі, Италия мен Түркия мемлекеттерімен әріптестік байланыс орнатқан.
Сол байланыстың аясында бүгінде Шымкент қаласындағы «Жұлдыз» индустриалды аймағында «Coca-Cola İçecek» атты түрік компаниясының қолдауымен алкогольсіз, газдалған және газдалмаған ауыз су сусындарын шығаратын зауыт салынып жатыр.
Бұл зауыт құрылысы өткен жылы жоспарланған болатын. Былтыр «Coca-Cola İçecek» компаниясының еліміздегі филиалының директоры Мұстафа Белтекин арнайы жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келіп, қала әкімі Мұрат Әйтеновпен кездесіп, зауыт құрылысының жобасын бірлесе отырып талқылаған болатын. Бүгінгі таңда екі ел арасындағы жүргізілген келіссөздерге сәйкес, биыл зауыттың іргетасы қаланып, қазір құрылыс-монтаж жұмыстары басталған. Қазіргі уақытта жоспарланған құрылыс жұмыстарының 30 пайызы кестеге сәйкес атқарылған.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында қойылып отырған бағыттың бірі – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту, оны кеңейту, елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесін 2050 жылға қарай кем дегенде 50 пайызға жеткізу. Жалпы өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Әсіресе өңірдегі индусриалды аймақты дамытуға шетелдік компаниялардың қосып отырған үлесі зор. Олар қала экономикасының дамуына мол қаржы құюда. Соның арқасында шаһардағы индустриалды аймақтар жанданып келеді. Соның бірі - «Жұлдыз» индустриалды аймағна ондаған шетелдік компания инвестиция тартып, жұмысы тұралап тұрған жүзге тарта шағын және орта бизнес нысандарының сонымен қатар әрі ондаған компанияның жұмысының жандануына серпін берді. Бүгінде түрік компаниясы да осы индусртриалды аймақтағы зауыттардың жұмысына соны серпін әкелуде. Екі ел арасындағы экономикалық-әріптестік байланыс жыл санап арта түсуде, - дейді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.
Аталған зауыттың құрылыс барысымен танысып, шетелдік әріптестермен тағы да әріптестік кездесу өткізген қала әкімі Мұрат Әйтенов нысан басындағы құрылыс жұмысына жоғары баға берді. Жалпы зауыт іске қосылса 100-ден аса жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда, Сондай-ақ, кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 262 миллион литр сусын шығаруға мүмкіндігі бар.
Мұрат Дүйсенбекұлы бұл жаңа инвестициялық жобаның жүзеге асуы қаламыздың өндіріс саласына ауқымды серпін беретінін айтты. Зауыт 16 гектар аумақты алып жатыр, құрылысы алдағы жылы аяқталып, өндіріске қосылатын болады.