Шымкент қаласында 300 көше жолына орта жөндеу жүргізілуде
Шымкент қаласында жол жөндеу жұмысына басымдық берілуде. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, биыл жалпы жол жабындысы жағдайын жақсарту мақсатында 300-ге жуық көше жолын орташа жөндеуден өткізу жоспарланған екен. Жолдың жалпы ұзындығы 202,6 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда қала аумағындағы 26 көшеге асфальт жабыны төселуде.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру мәселесін алдымызға қойып отыр. Соның ішінде Президентіміз ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салу бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыруға, қаржы бөлуге өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын талап еткен болатын. Бүгінгі таңда осы бағытта жұмыстар жалғасын тауып, асфальт жабынын төсеу құрылыс жұмыстары Агропром шағын ауданындағы Алтынтөбе, Құрсай шағын ауданындағы Бекболатов және №1,2,3,4,5,6 көшелерде, Айнатас тұрғын алабында Шоқтас және Боғылысай, Асар-2 шағын ауданында Күншоғыр және №1,2,3 көшелерде, Ақжайық шағын ауданында Шұбарсу, Сәдуақасов, Алпысбаев көшелерінде, Қызылжар шағын ауданында Маралды көшесінде, Орманшы тұрғын алабындағы Алатау және Қажымұқан, 1,2 көшелерде, Базарқақпа тұрғын алабында Алай көшесінде аяқталды, - дейді қала әкімі.
Жалпы жол құрылысы жұмыстары қалада жыл соңына дейін жалғасады. Көше жолдарының есебінен мегаполис жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 71,2 пайызға жетпек. Бүгінде шағын аудандар мен тұрғын алаптардың ішкі орам көшелері мен қаланың орталық магистраль көшелерін жөндеуге басымдық беріліп отыр. Биыл 24 магистральды көшені орташа жөндеуден өткізу жоспарлануда.
Жол жөндеу жұмыстары бүгінгі күні Абай ауданына қарасты Алтынтөбе тұрғын алабының даму жоспарына сәйкес Сатқанбаев және Ырсымбетов көшелерінде оршата жөндеу жұмыстары басталды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов мұндағы жол құрылысы жұмысының барысымен танысықан болатын. Жобаға сәйкес асфальтбетон жабындысы төселетін жолдың ұзындығы 1,4 шақырымды құрайды. Мұрат Дүйсенбекұлы мердігерге құрылыс жұмыстарды сапалы жүргізіп, өндірістік кестеге сай көше жолын осы айының соңына дейін аяқтауды тапсырды.
- Жалпы, қаламыздың жол инфрақұрылымын дамытып жақсы және қанағаттанарлық жағдайын жақсарту мақсатында 2021-2025 жылдарға іс-шара жоспары бекітілген. Бұл жұмыстар аталған жоспар аясында іске асырылуда. Аталған аумақтағы 11 көшенің 6-ына асфальт жабыны төселген болса, 5-не шағал тас төселген. Келесі жылы елдімекендегі Жастар, Бердібай, Өтебаев көшелерін асфальттеу жоспарлануда. Осылайша 2024 жылы тұрғын алаптың жол мәселесі түбегейлі шешімін табатын болады. Бас жоспарға сәйкес, қала орталығынан шалғай орналасқан шағын аудандар мен тұрғын алаптардың ішкі орам көшелеріне басымдық берілген, - дейді қала әкімі.