Шымкент қаласында жаңа саз мектебі пайдалануға берілді
Шымкент қаласында қала күні ашылған нысандар ондап саналады. Соның ішінде балалардың өнерін шыңдайтын, өнерге жол ашатын жаңадан құрылыс жұмыстары аяқталып, ел игілігіне беріліп отырған Балалар саз мектебі де бар. Оның ашылу салтанатында қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, балалар шығармашылығына өркендеу, ал саз мектебінің ұжымына сәттілік тіледі.
Саз мектебінде балалар мектептен тыс қосымша білімдерін жетілдіріп, тұла бойындағы ерекше қабілеттерін шыңдай алады. Мәселен, мұнда оркестрге арналған ұлттық саз аспаптар, үрмелі аспаптар класы бар екен. Атап айтсақ, домбыра, қобыз, саксофон, флейта, рубаб кластарымен бірге фортепиано, хореграфия, вокал, көркемсурет, хор орындау - бұлар қаламыздағы мектеп оқушыларын әр қырынан толықтай ашары анық.
- Бүгін құрылыс жұмыстары аяқталып, ел игілігіне беріліп отырған үш қабатты ғимараттың техникалық жабдықталу жағы жоғары сапада жасалған. Сонымен қатар балалардың жақсы аспаптарда ойнауы үшін, мұндағы музыкалық аспаптар арнайы Германия зауытынан тапсырыспен алынып отыр. Би өнеріне арналған кең, ауқымды залдың өзі 150 шаршы метрді құрайды. Бір атап өтерлігі, жаңа саз мектебі 1958 жылы іргетасы қаланған бұрынғы музыкалық мектебенінің негізінде қайтадан тұрғызылды. Жаңа ғимаратта қазір 1 164 бала музыкалық білім ала алады. Қыркүйек айынан бастап тағы 500 оқушыны қабылдау жоспарланып отыр, - дейді қала әкімі.
Сондай-ақ, балаларға білікті, академиялық консерваториялық білімі бар кәсіби мамандар сабақ береді.
Мектеп түлектері халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық конкурстардың жеңімпаздары. Саз мектебінің ашылу сәтінде көпшілік осында оқитын балалардың қолөнер туындыларын тамашалап, ән-би тобының концертіне ризашылықпен қол соқты.