Шымкент қаласында агроқұрылымдарды дамыту мақсатында 17 жоба жүзеге асырылуда
Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы қагроқұрылымдарын дамытуға барынша басымдық беріліп отыр. Оны бұл салада атқарылып жатқан жұмыс барысына қарап аңғару қиын емес.
Диқандарға ағын су жеткізу мақсатында да жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыровтың айтуынша, жалпы бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында қала билігі 17 жобаға қолдау білдірген.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігін, бұл – стратегиялық міндет екенін атап өтіп, саланы дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берген болатын. Бүгінгі таңда аймақ халықының негізгі табысы ауыл шаруашылығы саласымен тығыз байланысты. Мал және мал өнімдерінен тұратын өндіріс көлемі де соңғы жылдары біршама артқан. Бүгінде мал өндірісінен алынатын сүт және ірімшік өнімдері қаланың негізгі азық-түлік қорына еніп үлгерген. Ал көкөніс пен бақша өнімдері қашанда жоғары сұранысқа ие, - дейді Әбунасыр Жанбатыров .
Оның ойымен «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасының орынбасары Айдын Досқараевта келіседі. Оның айтуынша бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы агроқұрылымдарындағы кәсіпкерлерге бірнеше бағытта қаржылық қолдау көрсетіліп отыр екен. «Биыл Шымкент қаласы филиалы бойынша ауыл шаруашылығын дамытуға 12,2 миллиард теңге бөлінсе, оның 10,3 миллиард теңгесі игерілді, қалғаны жоспар бойынша жыл соңына дейін игерілмек. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қолдаудың негізгі бағыттары: несиелік серіктестіктерді және лизингтік компанияларды қаржыландыру, тікелей несиелеу, оның ішінде шағын несие беру, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын несиелендіру, сондай-ақ инвестиция тартуды іске асырып келеміз. Кәсіпкерлердің қазіргі мәселесі ауылдағы кепіл мүліктің төмен бағалануы болатын. Соны ескере отырып арнайы платформа жасақталды. Нәтижесінде мүлік бағасы 30 пайызға артып отыр. Енді шаруалардың несие алу сомасы да көбейеді, - деді Айдын Досқараев.
Сала мамандарының айтуынша, биыл Шымкент қаласында жүзеге асырылатын 17 жоба билік тарапынан қолдау тауып, ол жобаларды жүзеге асыру үшін 428 миллион теңге қаржы бөлінген. Бұл жобаларды жүзеге асыру барысында жүзге жуық жұмыс орынын ашу көзделіп отыр.