Туристер әсем субұрқақта әуен тыңдайтын болады

Oinet.kz 10-08-2019 1287

Screenshot_2.jpg

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Түркістан қаласы облыс орталығына айналғалы бері мұнда жан-жақтан асарлатып жатқан облыс-қала, компаниялар көп. Бәрінің көздеген мақсаты бір. Мақсат – Түркістанды түлетіп, көркінен көз сүрінетін сәулетті қалаға айналдыру.  Осы мақсат жолында әр облыс әр түрлі нысандар салып беріп жатыр. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі қалаға жарық музыкалық субұрқақ салып беретін болды. 

Құрылыс жұмыстары біткен соң, субұрқақ қаланың көркін ашады. Түркістанда күн райы ыссы екені белгілі. Бұл субұрқақ аптап күндері тұрғындардың ыстығын басып, рахат сыйлайтын болады. Бұл да өз кезегінде туристерге жасалған жағдай болмақ. Климаты салқын өлкелерден келген туристер үшін субұрқақ маңы жан шақыратын, әуезді ырғақ естіп демалатын орынға айналады. 

Рухани астана төріне әсем субұрқақ салуға тапсырыс алған «МК корпорейшн» компаниясының учаске бастығы Жанат Қанапиннің айтуынша, жұмысшылар қауіпсіздігі мен құрылыс сапасы  бірінші орында.

Шымкент және Түркістан қалаларында өндірілетін құрылыс материалдарын пайдаланып отырған мердігер компания өкілдері Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген. Екі аусымда жүргізіліп жатқан құрылысқа жергілікті 33 азамат жұмысқа тартылған.

Әуенді субұрқақтың көлемі 3891 шаршы метрді құрайды. Келесі жылы қазан айында құрылысы толық аяқталады деп жоспарланған нысан 30-тамыз– Конституция күні қарсаңында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Түлкібаста мектеп түлектері көпбалалы анаға үй сыйлады
Түркістанда веложол салынады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу