Билер алқасының жұмыстары таныстырылды

Oinet.kz 29-10-2022 1275

22.jpg

Түркістан облысы Жетісай ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Мұрат Қадырбектың төрағалығымен Жетісай ауданы бойынша әділ билер жұмысын үйлестіру мақсатында жиын болып өтті. Бұл туралы Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәжіліске «Қызыл Ай» қоғамының Түркістан облыстық филиалы мен «Көмек» дағдарыс орталығының басшысы Жүсіпова Малика Абдрашқызы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан Республикасындағы «Жәрдемтестік Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Тастан Тастанбек Рысдаулетұлы, «Әділ Билер» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жүніс Бақтыбек Жүнісұлы мен «Әділ Билер» республикалық қоғамдық бірлестігінің төбе би-заңгері Ергөбеков Серік Әбенұлы, аудандық полиция бөлімінің басшысы Әділбек Сапарбеков пен аудан прокурорының орынбасары Мақсат Ералиев, ауылдық округтердің ауыл билері мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, қала, кент, ауылдық округ әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Жиын барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ.БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Жолдауындағы негізгі басымдықтар мен атқарылар жұмыстардың бағыт-бағдары кеңінен сөз болып, аудан, ауыл билері алқасының жұмыстары таныстырылды. Жұмыс жүргізу бағыты мен негізгі мақсаты түсіндірілді.

«Біздің мақсатымыз – елдегі ұлттар мен ұлыстар арасындағы ынтымақ пен бірлікті, ұрпақтар сабақтастығын сақтап, өскелең ұрпаққа өнегелі жол көрсету. Түрлі жағдайларда орын алатын жастар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың, ажырасу, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен ерте жүктілік секілді келеңсіз жәйттердің алдын алу. Қоғамдағы билердің, ақсақалдардың рөлін арттыру, құзырлы органдардың жұмыстарын сәл де болса жеңілдетіп, тұрмыстық мәселелерді өзарамызда шешу» дейді «Әділ Билер» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтыбек Жүніс.

Сонымен қатар, елдегі қоғамдық негізде жұмыс жасап жүрген ұйымдарға көмек көрсету мәселелері айтылып, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар берілді. Ұсыныс-пікірлер тыңдалып, «Әділ Билер» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жетісай ауданы бойынша төбе биі болып ардагер ұстаз Әбдіғаппар Исаев сайланды.

Іс-шара соңында әлеуметтік қолдауды қажет ететін аз қамтамасыз етілген және көпбалалы жесір аналарға «Қызыл Ай» қоғамының Түркістан облыстық филиалы мен «Көмек» дағдарыс орталығының басшысы Малика Жүсіпова қайырымдылық көмек көрсетіп, қыстық жылы киім-кешектер тарту етті.


Жастарды әскерге шығарып салу шарасы өтті
Талап-тілектің орындалуы бақылауға алынды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу