Көмір бағасы қадағаланады
Түркістан облысында көмір бағасының қолжетімді болуы қадағаланады. Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Р.Сариева айтты.
– Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында жылу беру маусымы 15 қазаннан басталып 1 қарашаға дейін кезең-кезеңімен берілді. Яғни, өңірдегі 626 көпқабатты тұрғын үй және 2561 бюджеттік мекеме мен әлеуметтік нысан орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілді. Өңірімізде жылу беру жоспарға сай іске асуда. Түркістанда Жаңа қала шағынауданында орналасқан жаңадан құрылысы жүргізілген 10 көпқабатты тұрғын үйдің жылумен қамтитын қазандығы 27 қазаннан бастап газға қосылды. Қазіргі кезде осы үйлердегі үйішілік жылу құбырларында дайындық жұмыстары жүруде. Ал 15 қарашаға дейін жалпы инфрақұрылыммен (электр қуаты, ауыз су, жылу, көше жарықтандыру) қамтамасыз ету жоспарлануда, - деді Роза Олжабайқызы.
Спикердің сөзінше, Кентау қаласындағы жаңадан салынған 10 тұрғын үйге жеке автономды жылыту қарастырылған. Қазіргі кезде кала әкімдігі мердігер мекеме «Қазтрансгаз Аймақ» АҚ мамандарымен бірлесіп, ішкі газ құбырларының сығымдау жұмыстарын жүргізуде. Осы жылдың 2 қарашасынан бастап жылу беру жоспарлануда.
Сонымен қатар, өңірде жалпы көмір отынының қажеттілігі 907,6 мың тонна болса, тасымалданғаны 535 мың тоннаны құраған. Оның ішінде, коммуналдық-тұрмыстық қажеттілігі - 249,2 мың тонна. Тасымалданғаны - 173,1 мың тонна. Сондай-ақ, тұрғындар үшін темір жол тұйығы бар елдімекендерде 1 тонна Шұбаркөл көмірінің бағасы 14 600-18 500 теңге аралығында.
Айта кетейік, аудан, қала әкімдіктері көмірдің қолжетімділігі мен баға белгілеуін үнемі қадағалап отырады. Жылу беру маусымы облыс әкімдігі тарапынан тұрақты бақылауға алынған.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі