Бәйдібекте спорт кешені салынуда
Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. "Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз", – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдау керектігін айтқан болатын. Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қаулысымен бекітілгені мәлім. Осы жоспарға сәйкес, мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді.
Осы орайда Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Ағыбет ауылынан «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Спорт кешенінің аумағы – 0,60 га. Жобаға сәйкес нысанда бір ауысымда 20 оқушы жаттығады. Жаттықтырушы залы, киім ауыстыру мен жуынатын және медпункт, құрал-жабдықтар сақтайтын бөлмелері қарастырылған. Тұрақты жұмыспен 4 адам қамтылатын болады.
Құрылыс жұмыстарын биыл қараша айында аяқтап, ел игілігіне пайдалануға беру жоспарлануда. Есіркеп батыр атындағы жалпы орта мектебінің спорт залы мен бір бөлмесін пайдаланып жатқан ағыбеттік 100-ден аса жасөспірім осы жылдың соңында жаңадан іске қосылатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде спорттың бірнеше түрінен шынығып, шыңдалатын болады.
Ағыбет ауылының тұрғындары құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан спорт кешені салауатты өмір салтын ұстануға үндейтін, жастарды бұқаралық спортқа тартатын тәрбие ошағы болатынына сенімді.