Мәжіліс депутаты Сауранға келді

Oinet.kz 25-08-2022 240

Screenshot_20.png

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, партия фракциясының мүшесі Дархан Мыңбай арнайы жұмыс сапарымен Сауран ауданына келді. Мәжіліс депутаты құрылғанына жыл толған жаңа ауданда атқарылып игі істермен танысып, бой көтеріп жатқан құрылыс нысандарын аралады. Жиынға облыстық партия филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев, облыстық мәслихат депутаты Кеңес Әуен және аудан әкімі Ғани Рысбеков қатысты. 

Сауран ауданында қазан айында 300 орындық мектеп пайдалануға беріледі. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасы аясында  Шорнақ ауылдық округі, Қосмезгіл елді мекенінде бой көтеріп жатқан білім ұясының құрылыс жұмыстарымен танысты. 5 мыңнан астам халық мекен ететін елді мекендегі 300 орындық жаңа мектеп қазан айында пайдалануға берілмек.

Құрылысы 2020 жылы қараша айында басталған жаңа мектептің жалпы аумағы - 8094, 42 шаршы метрді құрайды. Құрылысты жүргізуге 1186.0 млн теңге қаржы қаралған. Мердігер мекеме - «AZIA RC» ЖШС-і, ал техникалық қадағалауға «Эко Техно Инжиниринг» ЖШС-і бекітілген.  

«Жаңадан құрылған ауданда бой көтерген білім нысанының құрылысымен таныстық. Мектептерді салу барысында халықтың пікірімен санасып, бала санына баса мән берген жөн. Балалардың сүрлігіп оқымауы үшін жан-жақты амалдарды қарастыруымыз керек. Мына мектепте бұрын-соңды мектептерде болмаған жеделсаты орнатылады екен. Меніңше ауылдық жерде балаларды осындай жағдаймен қамту құптарлық іс. Жауапты азаматтар бір мәселені атап өтті. Ол - спорт залы мен акт залының бірігіп кетуі. Мұны жобалаушылар мен құрылысшылар қайта қарауларын ұсындым», - деді Дархан Қамзабекұлы.

«Қазіргі пайдаланудағы Қызыләскер мектебіне шамамен 200-ге жуық бала күнделікті қатынап оқиды. Осы ауылдан 3-4 шақырым қашықтықта орналасқан. Кейбірі жаяу барса, біреулері көлік жалдайды. Өзімнің 6 балам бар. Оның 4-і мектеп оқушысы. Автобус мәселесін көтергенбіз. Жаңа мектеп салынуына байланысты қарастырылмады. Мына Қосмезгілдегі жаңа мектептің салынуы қажеттіліктен туындады. Бірнеше рет ұсыныс жолдаған едік. Өтініш-тілегіміз орындалып, құрылысы да аяқталып қалды. Жаңа мектептің салынуына атсалысқан азаматтарға ата-аналар мен ауыл тұрғындарының атынан алғыс айтамын. Осында білімді ұрпақтар тәрбиеленіп шығатынына сенемін» - дейді ауыл тұрғыны А.Исабеков. 

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Оранғай ауылдық округінде бой көтеріп жатқан 200 орынды мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған оңалту орталығы және Бабайқорған елді мекеніндегі спорт залының құрылыс алаңына да атбасын бұрып, зерделеу жүргізді. Аталған нысандарды 2022-2023 жылдары қолданысқа беру жоспарлануда. Оңалту орталығына 2,9 млрд.теңге бөлінсе, спорттық нысанға 194,6 млрд.теңге қаржы қарастырылған.

Кәсіпкерлікке кедергі келмесін
Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау керек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу