Керекуді Баян батыр ескерткіші қорғайды

Oinet.kz 14-04-2019 1561

Screenshot_18.jpg

XVIII ғасырдағы жоңғарлармен болған үздіксіз шайқастарда талай қазақ батырлары ерлігімен көзге түскені тарихтан белгілі. Солардың ішінде қазақ даласын қалмақтардан түбегейлі азат ету жолында Абылайдың сенімді серіктері Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Наурызбай, Бәсентин Малайсары, Керейдің Ер Жәнібегі мен Шақшақұлы Жәнібек, Өтеген, Есет батырлармен үзеңгілес болған, Уақ руының батыры Баян Қасаболатұлының қазақ тарихында алатын орны ерекше. 

Өкінішке қарай, ресейлік патша үкіметі одан кейінгі советтік қызыл империя қазақ даласындағы батырлар институтын жойып, сол арқылы ұрпақты рухсыздандыруға барынша тырысты. Қазақтың баһадүрлері жайлы айтуға, жазуға қатаң түрде тыйым салды. Мәселен, Баян батыр туралы тек Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастанынан басқа туынды жоқ. Оның өзін сол заманда жұрт жасырып оқитын да кез болды. Шүкір, еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері тарих тереңінде шаң басып жатқан ақтаңдақтар ашылып жатыр. Биыл екі бірдей батырдың мерейтойы аталып өтті. Аласапыран заманда қалмақтарды қауқарынан қайтарған Орта жүздің қос батыры Ер Жәнібек пен Батыр Баянның туғанына 300 жыл толды. Қос батырын Алаш елі ерекше ардақтады. Ер Жәнібектің 300 жылдығы Елордада ақындар айтысымен басталып, Шығыста үлкен ас берумен аяқталса, Батыр Баянның мерейтойында Кереку жерінде алып ескерткіш орнатылып, Ресей, Қытай және Моңғолиядан келген қандастарымыздың қатысуымен ғылыми-практикалық конференция өтті. Май ауданына қарасты Ақшимандағы елді-мекеніндегі «Қалмақ қырылған» жотасында керекулік жастар мен әртістер екі күн бойы үлкен шара өткізіп, сол 1726 жылғы Бұланты мен Білеуті өзендері арасындағы шайқастан театрландырылған көрініс көрсетті. Осы қанды қырғандағы Баян батырдың ергілі дәріптелді. Жалпы, Павлодар қаласында бұрын соңды қазақ батырының ескерткіші болмаған. Батыр Баян бейнесі алғашқысы (Әрине жалғасын табады деген үміттеміз – Е.С). Бес метр биіктікке бой түзеп, қолына қылышын ұстаған батырдың ат үстіндегі қола бейнесі, алаштың кез келген баласына рух берері анық. Бұрындары Павлодар қаласы бір түрлі жат жұрттың қаласы сияқты сезілуші еді. Оның үстіне қаптаған орысша көше атаулары тағы бар. Енді, көзіңе қазақ батырының бейнесі түскен соң кәдімгідей арқаны кеңге салып қалдық. Жаугершілік заманда ел қорғаған баһадүрлердің жансыз бейнесінің өзі әлі күнге дейін үрім-бұтағына зор қорған. Ескерткіштің Павлодар қаласына кіріп келетін солтүстік қақпаға қаратып орнатылуының да өзіндік мәні бар секілді. Әлбетте, көре алмайтындар да табылып жатыр. «Баян батыр Қостанай өңірінің тумасы болса, неге Кереку жеріне ескерткішін қояды?», деп күңкілдеп күндестік танытып жатқандар бар. Егер, Абылайдың артынан ерген осы батырларымыз болмағанда қазақ даласы қазір кімнің иелігінде боларын бір құдайдың өзі білер. Сол себепті, жаугершілік заманда азаттық үшін күресіп, жанын берген батырларымыздың мүсінін кең байтақ еліміздің қай түкпіріне қойса да артық емес. Осы батырларымыздың ескерткіштерін шекарадан кіріп келетін барлық күре жолдардың бойына қос-қостан орнатып қойса да артық етпес. Қазақ тарихынан түк хабары жоқ, «күндердің күні Павлодар қаласы Ресейге өтеді» деген есек дәмемен күн кешіп жүрген теріс пиғылдағы «квартиранттар»  қазақ батырына қойылған ескерткішке наразылық танытып, әлеуметтік желілерде арам пиғылдарын көрсетіп «белгісіз, қиялдағы адамға қойылған ескерткіш» деп көкезулік танытып жатыр. Қала атауын былай қойғанда, ұлтты ұлардай шулатқан, тарихи тұлғалығы күмәнді түрлі адамдардың есімдерін көшеге беріп отырған қазақтың кең пейілдігіне көрсеткен алғыстарының түрі осы болып отыр. Сол себепті тарихи тұлғаларымыздың әсіресе, қаһарлы қас батырларымыздың ескерткішін көбірек орнатып, олардың есімдерін қала көшелеріне бергеніміз дұрыс секілді. Павлодар облысы әкімінің баспасөз хатшысы Асқар Жалдиновтың айтуынша, Баян батыр ескерткішіне облыс қазынасынан қызыл тиын да қаражат шықпаған.  Осыдан төрт жыл бұрын Алматыда «Баян батыр» қоры құрылған. Батырдың мерейтойына қатысты іс-шараның барлығы осы қордың есебінен атқарылды. Павлодар облысының әкімдігі тек ескерткіш орнататын орынды белгілеп берген. 

Баян Қасаболатұлы 1714 жылы Қостанай облысы Обаған өзені бойында дүниеге келген. Әкесі Қасаболат темірден түйін түйген ұста, анасы Ажар Сырым батырдың әкесі Даттың қарындасы. Баянның ер жүрек болып қалыптасуына ағасы Сарының ықпалы зор болған екен. Ағайынды екеуі тізе қосып, дұшпанға қарсы ұрыс салғанда жауын қойдай қырғаны айтылады тарихта. Осыдан кейін ағайынды қос батыр «Сары-Баян» деп қатар аталып кеткен. Қарағандылық ғалым Есмұхамбет Смайылов пен Қарағанды облыстық газетінің бас редакторы Мағауия Сембайдың ұйтқы болуымен батырдың бұған дейін белгісіз болып келген зираты табылыпты. «Қарағанды – Балқаш» тас жолы бойындағы Қарабұлақ ауылының жанындағы жергілікті халық «Сары Баян жотасы» деп атап кеткен қыратқа жерленгені жайлы дерек шығып отыр. Тарихта «Шаңды жорық» деген атаумен қалған, 1771 жылдың жазындағы шайқаста Еділ бойынан Жоңғарияға ауған қалмақтарға қазақ қолы Балқаш көлінің оңтүстік - батысында күйрете соққы берді. Осы шайқаста ағайынды Сары мен Баян батырлардың көзге түскені айтылады, жазбаларда. Және де сол жолы шайқастан қатып келе жатқан жолда жау улап кеткен құдықтан су ішіп, содан ауырып қайтыс болғаны баяндалады. Ал, жазушы Шәміс Құмарұлының «Ер Жәнібек» атты екінші тарихи романында Баян батырдың шамамен 1757 жылдары қайтыс болғанын жазады. Жоңғар хандығының соңғы ұрпағы Амарсананы (Әмірсана) қуып Алатау арқылы қазақ жеріне өтіп кеткен Чиң үкіметінің қолын (Қытай әскері) қазақтар қалмақ әскері екен деп қалған. Чиң қолы да қазақтарды Амарсананың жасағы деп қабылдап екі жақ Алакөлдің бойында ұрыс салады. Жер жағдайына жетік емес шүршіттің отыз мыңнан астам қолы Қабанбай мен Ер Жәнібектің он мың қолына төтеп бере алмай шегінеді. Шегінген жауды шекарадан бірақ шығарып тастамақ ниетте қазақтың баһадүрі Баян мен жас батыр Қотырақ бастаған жүз қаралы қол, Алатаудың аузында жатқан Чиң армиясына барып тұтқиылдан шабуылдайды. Осы шайқаста есіл ер, отыз жылға жуық жоңғар шапқыншыларымен тоқтаусыз ұрыс салып, қылышының жүзін құртпаған батыр Баян мерт болады. 

Жалпы, біздің тарихшылар мен зерттеушілерге тарихи тұлғаларымыздың туған және өмірден озған жылдарын нақтылап бір тоқтамға келетін кез жетті. Әйтпесе, қыңыржақтар батыр бабаларымызды  «белгісіз, қиялдағы адамдар» дегенін қоймас.        

Мұрағатан: 24.07.2014          

 


Оқушылар қасиетті мекенді аралады
«Қаз қонақ» - қараусыз қалған бренд
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу