Жетісайлық кәсіпкерлер қарт майдангердің алғысына бөленді

Oinet.kz 21-07-2022 279

Screenshot_9.jpg

1418 күн мен түнге созылған қайғы-қасіреті мол, адамзат тарихында ІІ Дүние жүзілік соғыс атауымен таңбаланған сұрапыл соғыста от кешіп, кеудесін оққа төсеген соғыс ардагерлерінің ерліктері ел есінде мәңгіге сақталып қала бермек. Ғасырдан-ғасырға жетерлік ауыр қасірет қалдырған соғыстың зардабын шеккен жетісайлық ардагер, Ұлы Отан Соғысының соңғы солдаты Папков Петр Кузьмич 1925 жылдың маусымында Татарстан Республикасының Максимовка селосында дүниеге келген.

1942 жылы әскерге алынған Петр Кузмич 73 гвардиялық армияға түсіп, 105 полк құрамында қызмет еткен. Киев, Бухарест пен Венгрия қалаларын азат ету шайқастарына қатысқан, құрылыс батальонында жүргізуші, құрылысшы болған майдангер 1950 жылы әскерден оралған. Қанды қырғынның соңғы нүктесін қойып, елге келгеннен кейін тұралап қалған ауыл шаруашылығы саласында, ауылдарды қалпына келтіру ісінде аянбай еңбек еткен. Трактор тізгіндеп, зейнетке шыққанша адал еңбектің нанымен өніп-өседі. Өз кіндігінен өрбіген 4 қызынан 5 немере мен 9 шөбере сүйген қарт майдангер Ұлы Отан Соғысы мен Еңбек ардагері, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

Бүгінде денсаулығы сыр беріп, өздігінен жүріп-тұрудан қалған қарт майдангерге аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен қоларба тарту етілді.

Соңғы бірнеше жылда аулаға шықпаған ардагердің өтінішін орындауды «Намыс» ЖШС директоры, жетісайлық кәсіпкер Оспанов Ғалымжан Дүйсенбайұлы өз мойнына алып, демеушілік жасады.

«Бүгінгі бейбіт күнді бастан кешіп, кәсібімізді дөңгелетіп отырғанымыз осындай ержүрек жауынгер аталарымыздың отансүйгіштігінің арқасы. Бүгінде күн санап қатары кеміп келе жатқан қарт майдангерлерге қандай құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасасақ та көптік етпейді» дейді ауданда өткізілетін түрлі қайырымдылық акцияларынан қалыс қалмайтын кәсіпкер.

Айта кетейік, биылғы «7 мамыр – ҚР Отан қорғаушылар күнi» және «9 мамыр – Ұлы Жеңiс күні» мерекелері аясында аудандағы жалғыз ҰОС ардагеріне жергілікті бюджеттен 1 млн теңге, демеушілер есебінен 300 мың теңге табысталса, аудандағы 9 ҰОС ардагерлерінің жесірлеріне, 358 тыл ардагерлеріне, Ауған демократиялық соғысына қатысқан 185 ардагерге және Семей полигонында ядролық сынақтардан зардап шеккен 45 адамға мен Чернобыл апатынан зардап шеккен 31 адамға жергілікті қазынадан 30 мың теңгеден берілген.

Жылы суда 25 көшеге асфальт төселеді
Мұрат Болатұлы: Тұрғындардың өтініші басты назарда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу