Діни сауатты арттыру - қоғамдағы ішкі ахуалды реттейді

Oinet.kz 25-07-2022 254

Screenshot_6.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі діни ахуалды бақылауда ұстау үшін діни басқармаларға жүктелетін міндет зор екендігін айтқан болатын. 

- Діни басқарма Егемендіктің алғашқы жылдарынан бастап қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға атсалысып келеді. Сондай-ақ, еліміздегі дәстүрлі исламды дамытуға зор үлес қосуда. Биылғы пандемия кезінде діни басқарма көптеген қайырымдылық шарасына ұйытқы болды. Жұртшылықты татулық пен сыйластыққа шақыру аса маңызды. Бұл міндетті біздің дін басшыларымыз абыроймен атқаруда, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, әлемде діни алауыздық өршіген қазіргідей күрделі кезеңде дін қызметкерлерінің рөлі айрықша. Сондықтан ел ішінде жүргізілетін ағартушылық жұмыстардың мазмұны және сапасы үнемі назарда болуы керек.

- Мешіттерде әрдайым имандылыққа, адамгершілікке үндейтін уағыздар айтылғаны жөн. Сондай-ақ, білім мен ғылымға құштарлық, Отанға деген сүйіспеншілік қасиеттерін дәріптеуіміз керек. Азаматтарымыздың діни тұрғыдан сауатты болуына және жат ағымдардың жетегінде кетпеуіне сіздердің қосар үлестеріңіз мол. Имамдар мен дін қызметшілері осы жауапты міндетті келешекте де ойдағыдай атқаратынына сенемін, - деді мемлекет басшысы. 

Соңғы кездері дінге бет бұрушы бұқараның қатары артты. Әсіресе, Алланы ауызынан тастамайтын иман жүзді жастарымыз мешіттерге келуін жиілетті. Көңіл қуантады. Дегенмен, өз жолынан жаңылысып, жөнін таппай жүргендер де жетерлік. Жалпақ жұртты Исламнан жерітіп, жамандыққа жақындата түсетін жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған жын-жыбыр ағымдар жастарды сақтандыру мақсатында Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу» орталығы басшысының орынбасары Медет Халықовтың ұйымдастыруымен арнайы жиын болып өтті. Басқосуға Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ қызметкерлері мен қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері мен жастар қатысты.

«Соңғы кездері әлемнің жер-жерлерінде діни секталардың толқулары жиі орын алып, жазықсыз жандар жапа шегіп отыр. Айрандай ұйып отырған елдің арасына іріткі салып, баланы әкеге қарсы шығарып, бауырды бауырмен жаға жыртысуға дейін жеткізді.

Біз – өзіндік ділі, тамыры терең құндылықтары, сүйенер, қуат алар бай рухани мұрасы бар халықпыз. Діні мен дәстүрін бөліп жармай, бір белдеудің көлемінде ұстануды жөн көрген ата-бабаларымыздың діни дәстүрін жас ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында арнайы басқосу ұйымдастырып отырмыз» дейді Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу» орталығы басшысының орынбасары Медет Халықов.

Дін – дүниедегі әрбір жан иесінің өмір сүру үлгісі, екі дүниеде де бақытты болуға жетелер нәзік жол. Дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы. Әрбір ұлттың ұстанар діні, өзіндік ғұрпы, дәстүр сабақтастығы мен бір ұлтты екінші ұлттан өзгешелейтін мінез-құлық ережесі және өмір сүру ерекшелігі болады. Ел болып қалыптасу үшін бірқатар тіректердің болуы қажет, яғни, діні, тілі, жері, тарихы, ұлттық тағамы, ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары.

Алқалы жиында мамандар жастарға осы құндылықтардың аражігін ажыратып, тура жолдан адасудың алдын алуға негізделген ғылыми, рухани маңызды дүниелерді түсіндіріп, ашық сұхбат жүргізді. Сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Іс-шара соңында Медет Халықов аудандағы ұлтаралық татулық пен діни тұрақтылықтың сақталуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын айтты.

Жетісай ауданы әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады
Жетісай жүзімдері республикада жоғары сұранысқа ие
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу