Түркістанға келуші шет елдік туристердің қатары артты
Түркістан облысының туристік әлеуеті жоғары. Әсіресе туризм кластерінің басым бағыты көлік инфрақұрылымы қолайлы жолға қойылған. Облыстың орталығы Түркістан қаласы тарихи туризмнің алтын ұясы. Қала басында қала қонақтары мен тұрғындарына қажетті ойын-сауық орталығы, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквопарк, споттық демалыс нысандар, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынған. Туристерге толықтай сапалы қызмет көрсете алатын орындар баршылық деген сөз.
Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. Облыстағы ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесі, Бәйдібек би ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас аудандарының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қо-рықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі талай саяхатшыларды тамсандырған мекендер.
Биыл рухани астанаға 1000-ға жуық шет елдік турист келді. Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен мәжілісте
"Бизнесті қолдау және туризм бөлімінің" басшысы баяндады. Бөлім басшысы Талғат Қыдырбаевтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері қалаға 385 398 турист келген. Сонымен қатар, баяндамашы шаһардағы инвестиция көлемі артқанын мәлімдеді.
Өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда инвестиция көлемі 100,2 млрд теңгеден 115,1 млрд теңгеге артқан. Өңдеу өнеркәсібі - 6,31 млрд теңгеден 6,62 млрд теңгеге көбейген. Шағын орта бизнеспен айналысатын - 2327 тұрғын тіркеліп, 1719 азамат жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. Баға тұрақтылығын сақтау үшін 30 әмбебап дүкенде әлеуметтік бұрыш ашылды.
Одан бөлек, туристерге қызмет көрсету сапасын арттыру жұмыстары да жүргізілуде. Аталған мақсатта, нұсқаушы-аудармашы Д.Шерниязовтың курсына 32 азамат қатысып, білім алды. Туризм саласында оқитын студенттерге арнайы іс-шаралар ұйымдастырылып, қаладағы орналасу орындарының қызмет көрсетуі бойынша түсіндірме жұмыстары жасалды.
Баяндаманы тыңдаған қала басшысы қонақтарға қызмет көрсету сапасын арттыруды, туристтерге жайлы орта қалыптастыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ әлеуметтік бұрыштар қатарын көбейту қажеттілігі ескертілді.
Ежелден рухани астана саналған Түркістан қаласы туризм кластері бойынша дамып, жылына миллиондаған туристі қабылдайтын күнге жетеді. Туризм – Қазақстан экономикасындағы қарқынды салалардың бірі. Қазақстанның әрбір аймағы – туризм кластерінің ошағы. Еуразия кіндігінде орналасқан, Ұлы Жібек жолының дархан даласына айналған өлке де ертеден қала соғылды, мәдени ошақтар салынды. Ғажайыбы сырға толы өзен-көлдер мен тау-тастар, ормандар мен шөлейіттер массиві тарихи кезеңдердің куәсі болды. Мыңжылдық өркениет тоғысы бар шежірелі қалалар талай соғысты бастан өткізді. Қазақ хандығының, Қыпшақ ұлысының, Түрік қағанатының астанасы болған қалалар да жетерлік. Ондай қалалардағы ескерткіштер, мәдени орындар, ескі ғимараттар шежірелі тарих болып қалмақ.