Жаңаталаптықтар биыл сапалы ауызсуға қосылады

Oinet.kz 19-05-2021 1093

Screenshot_6.png

Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020 – 2025 жылдарға арналған "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасында  2025 жылға қарай қалалар мен ауылдарда сумен жабдықтау қызметтеріне халықтың 100 пайыз қол жеткізуі көзделген. Осы ретте еліміздің үшінші мегаполисінде аталмыш бағдарлама кестеге сай орындалып келеді. Елдімекендерді ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқын алуда. Жақында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Абай ауданындағы бірқатар тұрғын алаптардың инфрақұрылым жүйелерінің және жеке кәсіпкерлік нысандарының құрылыс барысымен танысқан болатын. Шаһар басшысы алдымен «Жаңаталап» тұрғын алабындағы ауызсу жүйесі құрылысының барысын бақылады. 

Жаңаталап елдімекенін сапалы ауыз сумен қамту мақсатында құрылыс жұмыстары өткен жылдың мамыр айында басталған болатын. Мердігер мекеме «СМК и Ж-7» ЖШС қазіргі уақытта жұмыстың 70 пайызын аяқтады. 

Ұзындығы 86,1 шақырым ауыз су құбырының құрылысы тамыз айында аяқталады деп жоспарлануда. Нәтижесінде, Жаңаталап елдімекеніндегі 5196 абонент сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

Айта кетейік, өткен  жылы Шымкент қаласында 22 елді мекенде су құбыры желілерінің және 5 магистралдық су құбырының құрылысы жүргізілген болатын. Аталған жұмыстарға бюджеттен 10,097 млрд теңге бөлінді, оның ішінде республикалық бюджеттен — 1,256 млрд теңге, жергілікті бюджеттен — 4,183 млрд теңге, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша — 4,659 млрд теңге. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 17 елді мекенде орамішілік жүйелердің және екі магистралдық су құбырының құрылысы аяқталды. 34 мыңға жуық тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қамту көрсеткіші 94,7%-дан 95,6%-ға дейін өскен.


Бадам өзенінің жағасы жаңа кейіпке енеді
«Қызылжарда» көшелер жөнделуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу