АИТВ және балалар. Ерекше науқан бастау алды

Oinet.kz 13-05-2021 849

Screenshot_11.png

Қазақстан соңғы үш жыл ішінде АИТВ таралуы төмен елдер тобына кірді. Десе де аты жаман індеттің соңғы жылдары жастар мен балалар арасында тіркелуі жиі кездесуде.   Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында АИТВ-мен күресті күшейтуге басымдық берілген. Бір жабысса арылмайтын дертпен күрескеннен гөрі әрине алдын алған тиімді. Сол себепті елімізде  АИТВ инфекциясы туралы әсіресе жасөспірімдер арасында кеңінен ақпарат беру ісі және осы диагнозбен өмір сүретін жандарға қолдау көрсету шаралары қолға алынған. Осы орайда аталмыш бағдарламаға сәйкес  еліміздегі 30 мектептің педагогтарына әлеуметтік стигманың алдын алу негіздері үйретіледі.  АИТВ-мен және басқа да созылмалы аурулармен өмір сүретін балалар мен жасөспірімдерді қолдау жөніндегі ақпараттық науқанды бастады. 27 сәуір мен 26 мамыр аралығында аталмыш науқан Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстарының және Алматы мен Шымкент қалаларының 30 пилоттық мектебінде өтпек.

«Мұғалімдердің АИТВ саласындағы білім деңгейін көтере отырып, біз АИТВ-мен және өзге де созылмалы аурулармен өмір сүретін балалар мен жасөспірімдерге жағымсыз күйзелістерге бой алдырмай, физикалық және психологиялық денсаулықты сақтауға және нығайтуға көмектесеміз», - деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов.

Ақпараттық науқан аясында пилоттық мектептер үздік халықаралық тәжірибелер негізінде әзірленген арнайы әдістемелік ұсынымдар алады. Ұсынымдар мектептерде, сондай-ақ АИТВ-мен өмір сүретін немесе АИТВ және басқа да созылмалы аурулармен ауыратын балаларды қолдау үшін әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау ұйымдары мамандарының жұмысында пайдалануға арналған. Онда авторлар мектептерде АИТВ-дан зардап шеккен балалар мен отбасылар тап болатын нақты мәселелерді және оларды жеңу жолдарын қарастырады.

Айта кетейік, АИТВ-ға шалдыққан науқастардың көрсеткіші бойынша Шымкент республикада 14-орында тұр. Шымкент қалалық ЖИТС  орталығының мамандары оқушылар мен жастар арасында қауіпті індеттен сақтанудың жолдарын айтып, ұдайы семинар, кездесулер өткізуді дәстүрге айналдырған.


Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жобасына қызыққан инвесторлар көбеюде
Бадам өзенінің жағасы жаңа кейіпке енеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу