Түркістан облысында 3000 бала қатысқан фестиваль жеңімпаздары марапатталды
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің бастамасымен ұйымдастырылған «Түркістан: көне мен келешек көпірі» атты облыстық өнер фестивалі мәресіне жетті. Соңы гала-концертке ұласқан Түркістан қалалық Оқушылар сарайында өткен салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Сакен Қалқаманов қатысып, фестиваль жеңімпаздарын арнайы дипломдармен марапаттады. Сонымен қатар, «Голос. Дети» музыкалық шоуының 6-шы маусымының жеңімпазы, Халықаралық «Junior Evrovision» байқауының II орын иегері Ержан Максим облыс орталығында өткен гала-концерттің құрметті қонағы болды.
Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының ұйытқы болуымен өткен өнер фестивалі облыстағы жас таланттарды, өнерлі өрендерді анықтау, оқушылардың мектептен тыс уақыттарын тиімді өткізу және қолдау мақсатында ұйымдастырылған. «Түркістан: көне мен келешек көпірі» атты облыстық өнер фестивалі 2021 жылдың қаңтар айының 12-сі күні Түркістан қаласы "Ақжайық" музыкалық мектебінен бастау алып облыстың 16 ауданында өткен болатын.
Көрерменсіз өткен «Түркістан: көне мен келешек көпірі» атты облыстық өнер фестивалінде аудан, қала бойынша 3000-ға жуық өнерпаздар өнерлерін көрсетуге мүмкіндік алды. Жас өнерпаздар бірнеше номинациялар бойынша сынға түсті. Өнер фестивалінде Төлеби, Ордабасы аудандарынан келген халық аспаптар оркестірі, Түркістан қаласы, Сайрам ауданынан 120-дан астам бишілер, дәстүрлі әншілер, скрипкашылар ансамблі, аккордеонистер мен сырнайшылар өз өнерлерін паш етті.