Түркістан облысы вакцинация бойынша көш бастады
Түркістан облысы вакцинация бойынша елімізде көш бастап тұр. Өңірде өз еркімен 13 мыңға жуық адам коронавирусқа қарсы екпе қабылдады. Оның 10 мың 674-і медицина қызметкері болса, 1276-сы мұғалімдер. Ал, 444-і полиция қызметкері болса, 75-і басқа да санаттағы азаматтар. Қазір екінші компонентпен 3264 адам вакцина салдырды. COVID-19-ға қарсы вакцинациялау облыста 20 емдеу мекемесінде жүргізілуде. Бұл жөнінде Қоғамдық денсаулық басқармасы хабарлады.
Қазіргі уақытта облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Соңғы тәулікте Түркістан облысында 6 адамда COVID-19 індеті расталған. Тәуліктік өсім 0,16 пайызды құрайды. Жалпы облыста пандемия белең алғалы 574 мың 400 ПТР-тест сынамалары алынған. Ал, соңғы тәулікте зертханаларда 2758 адам тексерілді. Жұқпалы аурулар ауруханасында барлығы 610 орын бар. Бүгінде олардың 478-і бос тұр.
Түркістан облысының тұрғындарына аймақта бүгінде жалпы 23429 медицина қызметкері дәрігерлік көмек көрсетеді. Оның бес мыңнан астамы дәрігерлер, қалғандары орта буын мамандары. Ақ халатты жандардың ерен еңбегінің арқасында өңірде қауіпті індетті жұқтырған 4292 науқас толық жазылып шыққан. Жалпы, пандемия басталғалы Covid-19 инфекциясы расталған 4445 жағдай тіркелді. Олардың 2849-ында ауру симптомсыз өткен болатын.
Облыстағы мекемелерде 8 оттегі станциясы, 400 ӨЖЖ аппараты, мыңнан аса оттегі аппараты бар. 2 айға жететін дәрі-дәрмек қоры жасақталған, 40-тан астам дәрі қоймасы, 800-дей дәріхана жұмыс істейді.