Ел ағалары түркістандық спортшыларға сенеді
Түркістан облысының спортшы ұл-қыздарының лицензиялық турнирлеріне қатысу үшін халықаралық деңгейде оқу-жаттығу жиындарына жан-жақты дайындық жасауына мол мүмкіндіктер қарастырып отырған облыс əкімі Өмірзақ Шөкеев жерлестерімізге қолдау көрсетуде. Сонымен қатар, облыс басшысы түркістандық саңлақтардың ел сенімін ақтайды деген нық сенімде.
Таяуда Түркістан облысына арнайы іссапармен келген ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті спорттық дирекцияларының директоры Елсияр Қанағатов түркістандық бапкерлер мен спортшылар, сала мамандарымен кездесті. Жиын барысында Е.Қанағатов Токио олимпиада ойындарына көптеп лицензиялар алу мəселесін жан-жақты талқылап, алдағы кезде өңірімізде жеңіл атлетика спортын өркендетуге баса назар аударылатындығын жеткізді. Басқосуда Түркістан облысының дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев көпшілікке жерлестеріміздің олимпиадалық лицензиялық жарыстарға жоғары деңгейде жаттығу жасап жатқанын айта өтті.
Айта кетейік, Жазғы олимпиада ойындарынан кейін дəстүрлі түрде параолимпиада жалғасатыны белгілі. Осы орайда, 24 тамыз бен 5 қыркүйек күндері аралығында өтетін параолимпиада ойындарына Қазақстанның намысын түркістандықтар Жалғас Тайкенов пен Бейбарс Спатай, Жаңыл Балтабаева қорғайтын болады.
Токио олимпиадасына санаулы күндер қалды. Алдағы кезде түрлі спорт түрлерінен бірқатар лицензиялық турнирлер құрлық елдері арасында тағы да өтеді.
Елсияр Қанағатов ел мерейін үстем етер жауапты Токио олимпиада ойындарының жолдамасын сарапқа салатын барлық турнирлерде көптеп медальдерді жеңіп алу, ел мүддесі бəрінен де жоғары екендігін жеткізді.
Жиын барысында ел ағалары түркістандық спортшы ұл-қыздарға əрдайым жақсылық тілейтіндіктерін айтып тарқасты.