Түркістан самбошылары Азия чемпионатына барады
Қызылорда қаласында төрт күнге жалғасқан самбо күресінен Қазақстан Республикасының чемпионаты Түркістан облысының спортшылары үшін табысты болды. Түркістан облысы самбо күресі федерациясының вице-перезиденті Самат Рысбековтің сөзінше, жалпы командалық есепте оңтүстік өңірдің оғландары екінші орынға ие болды.
16-20 наурыз күндері аралығында ұйымдастырылған ел чемпионат Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналды. Республикалық турнир жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында өрбіді.
Ел біріншілігінде спортшылар 10 медаль еншіледі. Атап айтқанда жасөспірім қыздар арасында 80 келіден жоғары салмақта белдескен Нұрила Асанқызы бірінші орынға, 80 келіде өнер көрсеткен Ұлбосын Әділова екінші орынға қол жеткізді. Сондай-ақ, Ақбота Қыдырәлі 65 келі салмақта екінші орынды еншілесе, Шолпан Алтынбек 44 келі салмақта үшінші орын иегері атанып, еліміздің үздік үштігін қорытындылады.
Ал, ерлер арасында топ жарған Диас Давлятов пен Мирас Бақтыбай чемпионат жеңімпаздары болды. Еркебұлан Ахатов, Рамазан Сайлаубек, Рауан Назымханов екінші орынды жеңіп алса, Бекарыс Шағырбай үшінші орынның жүлдесін жұлып алды десе де болады.
Түркістан облысы самбо күресі федерациясының вице-перезиденті Самат Рысбековтің сөзінше, жалпы командалық есепте оңтүстік өңірдің оғландары 2-орынға ие болды. Ел чемпионы атанған балуандар 4-6 маусымда Өзбекстан астанасы Ташкентте өтетін Азия чемпионатына жолдама алды. 8-12 қазанда самбодан әлем чемпионаты Моңғолия астанасы Ұлан-батырда өтеді.