Боралдай су қоймасы диқандар өнімдерін еселеуге көмектеседі
Жұмыс сапарымен келген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Ордабасы ауданында қолға алынған бірқатар жаңа жобалармен танысып, талпынысты оң бағалап қолдады.
Өңір басшысы іссапарын алдымен Шұбарсу ауылындағы күрделі жөндеуді қажет ететін Б.Нұрлыбеков атындағы жалпы орта мектептің жағдайымен танысудан бастады. Білім беру нысаны 2004 жылы іске қосылған. Қазіргі таңда мұнда 2 мыңнан астам бала білім алуда. Жалпы, Ордабасы ауданы бойынша жалпы 65 мектеп бар. Облыстық бюджет есебінен 6 мектептің құрылысы жүргізілуде.
Облыс әкімі экспортпен айналысатын жылыжайда болды. Екі гектарға қызанақ, қияр өсірумен айналысатын азаматтар облыстың ғана емес, республикасының бірқатар қалаларын қамтиды. Ордабасы ауданында жылыжайдың жалпы аумағы 87 гектарды құрайды, оның 21 гектары өндірістік жылыжай. 66 гектары фермерлік. Шұбарсу ауылында былтыр 15 гектар жылыжай аумағы құрылып, өтініш берген азаматтарға үлестірілді. Биыл жылыжай көлемін тағы 20 гектарға арттыру көзделуде. Өткен жылы осы жылыжайларда 10 мың тоннаға жуық өнім өндірілген.
Аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков облыс басшысын Боралдай су қоймасының жобасымен таныстырды. Суғармалы жердің көлемін ұлғайту, ағын су мәселесін шешу мақсатында Ордабасы ауданында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Аудан аумағында жалпы ұзындығы 800 шақырымнан асатын 87 канал бар. Оның 215 шақырымы өткен жылы канал механикалық тазалаудан өтті. Жұмыстар жалғасуда. Нәтижесінде егістік алқаптардың суғарылуы жақсарды.